Air Astana компаниясындағы стюардесса Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаеваның үстінен полицияға арыз жазды.
Бұл туралы Елшібаеваның өзі әлеуметтік желіде жариялады.
«Аirastana-да стюардесса болып жұмыс істейтін басқа ұлт өкілінің қазақ тілінде айтқан сөзімді түсінбей, жала жауып, менің үстімнен әуежай полициясына арыз жазғаны жаныма батты. Ұшақ жерге қонар кезде орындығыңды түзе дегесін, арнайы тетікті үш рет бастым да, орындықта ақау барын айттым. Орнына түспегесін үш рет артымдағы адам итеріп қалпына келтірді. Жабық терезені ашуымды сұрады. Оны аштым. «Мына қыз, қанды ішіп, ұйықтап жатқанда қақылдап қоймады ғой» дегеніме мен жаман сөз айтқандай шамданды. Орысша тәртіпке келтіріп жатқасын, ұйықтап жатырмын, мазамды алма деп ескерттім. «Девушка я буду на вас жаловатся» деп салонға естірте айтқасын, шыдай алмай: «Если, кресло не работает, я виновата что-ли, тогда ремонтируйте» деп қатты айтып жібердім. Сөзімді салондағылар естіді. Екінші стюардесса тыныштық сақтауды өтінген соң ұйқымды жалғастыра бердім. Борттан шығып келе жатсам, екінші стюардессасы бар, қасында төрт полиция мені күтіп алды. Қолымда домбырам бар. Манағы стюардессам қылмыскерді ұстағандай: «Вот это, вот она», – дейді. Аман-саулықтан соң екі полицей кетіп қалды, екі полициям қалды. Тәртіп сақшылары «Мына стюардесса «ішіп алған, бағынбайтын жолаушы» дегесін төртеуіміз шықсақ» деп қарап тұр. Күлейін бе, жылайын ба? Сөйтіп, бір ауыз қазақша түсінбейтін стюардесса орыс қыз жала жауыпты» деп жазды әнші.
Айгүл Елшібаева ешқашан ішімдік ішпегенін алға тартып, өзінің сау екенін сараптама арқылы дәлелдеген.
«Стюардесса болып жүрген орыс қызы қазақ тілінде түсінем деп қояды, бірақ бір ауыз сөйлей алмайды. Өз елінде қор болған қазақ тілім-ай!» деп жазды Елшібаева.
Әнші бірден адвокат кеңесіне барып, істі толықтай заңсыз екенін айтты.