Ақжолтай жаңалық! ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай, өлең өлкесіне енді қадам басқан жас ақындар үшін Шымкентте «Шам» шығармашылық орталығы ашылды. Ізденіс иелері бұдан былай өз туындыларын ешбір кедергісіз осы орталықтың көмегімен жариялай алады. Ал, ақындық әлеміне іңкәр сезім жетегінде жеткен жеткіншектерге Қалқаман Сарин сынды республикаға танымал қаламгерлер қуат бермек.
«Шам» орталығы ақындық өнердің ұмыт бола бастаған бағыттарын қайта жандандырып, жас ақындардың талабын шыңдау, олардың тырнақалды туындыларын басып шығаруға қолдау көрсету үшін ашылып отыр. Орталықтың алдағы міндеттері туралы сөз еткенде Сүндет Сейітов Тәуелсіз елдің ұрпақтарын ұлттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. «Сөз түзелмей, көш түзелмейді». Басты мақсатымыз жаңадан шығып келе жатқан ақындардың қалам сілтесі мен тіл тазалығына жіті мән беру. Стилситикасына, жазуына бағыт-бағдар көрсете отырып, рухани демеу болу», – «Шам» жас ақындар орталығының төрағасы Сүндет Сейітов.
Поэзияға жаны құмар өрендердің бұл кеште қарасы қалың болды. Көпшілігі қазірдің өзінде тұщымды ойларымен бөлісіп, ауқымды әрі, тың жобаларды іске асыруға дайын. Ал, «Шам» орталығы жалындаған жастарды үлкен шығармашылық төріне жетелейтін дара жол болмақ.