$ 494.87  520.65  4.91

«Бұл қандай жауапсыздық?»: Ninety One тобының жанкүйерлері Шымкент әкіміне қарсы шықты

Қала әкімдігінің өзі әзірге жағдайға қатысты пікір білдірмеді.

Әлеуметтік желі қолданушылары Шымкент қаласының әкімдігінің Ninety One тобының концертін өткізуге рұқсат бермегеніне наразылық білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

5 шілдеде Шымкентте өтуі керек Ninety One тобының концертін Шымкент әкімдігі өткізбей қойған. Сондықтан топ жанкүйерлері Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің әлеуметтік желідегі парақшасына түрлі пікір жазып, топ концертінің тоқтатылуына қарсы шықты. 

Ninety One тобы концерт өтпейтіні туралы ақпаратты шарадан бір күн бұрын әлеуметтік желілеріндегі парақшасында жариялады.

"Ninety One Tour 2022 аясында 5 шілдеде Шымкентте жоспарланған концерт болмайды. Ол кейінге шегерілуі мүмкін. Концерт болмауының себебі - Шымкент қаласы әкімдігінің шараны өткізуге рұқсат бермеуі", - деп жазды Ninety One тобы өкілдері ресми парақшасында. 

Бұл хабарлама Ninety One тобының шымкенттік жанкүйерлерінің ашуына тиген. Жанкүйерлер Шымкент қаласы әкімдігі мен Шымкент әкім Мұрат Әйтенов  Instagram-парақшасына наразылық пікірлерін жаудыртқан. Топ жанкүйерлері тіпті жазбаға #нетотменыконцерта91 деген арнайы хэштег ойлап тапқан. 

"Ninety One концертіне рұқсат беруді сұраймыз. Осы концертті бір айдан аса күттік, кейбіреулері концертке басқа қалалардан келді", "Концерт өтуі керек", "Ninety One концерті неге тоқтатылды? Түсіндіріңіздер, нақты жауап күтіп отырмыз. Бұл қандай жауапсыздық? Бәріміз билет алып қойғанбыз", - деп жанкүйерлер желіде наразы болды.

Сондай-ақ  Ғалымжан Оразымбет есімді Facebook парақшасында әкімдіктің концерті өткізбей тастауына құқықтары жоқ екенін мәлімдеді. 

“Ол - бизнес. Әкімдік бизнеске рұқсат беру, бермеуді қалай шешеді? Олар қалай өз еңбегімен табыс тауып жүрген топтың консертіне рұқсат бермей қоя салады?

Естеріңде ме, былтыр 595 млнға Наурыз тойлаймыз деп, оны креатив индустрияны дамыту деп ақтап әуре болған. Харвард көргені бар, көрмегені бар, әлем қазір ақшаның қайда екенін біледі, креатив индустрия - жаңа мұнай деуге дейін барған. Қалаға турист, ақша тартқысы келген, қаланың ақшасын шашып. Ал мына жерде сенен бір тиын сұрамай, не көмек сұрамай, креатив индустрия өзі кеп тұрғанда, істеп отырғаны мынау. Әлде әкімдік креатив индустрияны тек қала тұрғындарының салығы есебінен, еш есепсіз шашып қана дамытқысы келеді ме? Әлде олардың түсінігіндегі креатив индустрия - МузАрттың 30 жылдығы ма? Әлде ол консертті міндетті түрде Жан Муханов тендер алып істеуі керек пе еді? Мен жей алмайтын жерде даму болмайды деген сенім бе? Бұл консерттің МузАрттың отыз жылдығынан, шекарасыз Наурыздан айырмасы не?”, – деп жазған ол. 

Қала әкімдігінің өзі әзірге жағдайға қатысты пікір білдірмеді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары