$ 494.87  520.65  4.91

«Албасты дегеніңіз артықтау болды»: Түсіпбаева Зейнеп Ахметоваға жауап берді

Маңдайға жазылған тағдыр деген болады, Зейнеп әпке. Сізге ақыл айтуым мүмкін емес, маңдайыма Бауыржан атамыздай батырдың келіні болу жазылмағандықтан.

Меруерт Түсіпбаева басы дауға қалған Мақпал Жүнісоваға араша түсті. Ол Халық әртісін "албастыға" теңеген Зейнеп Ахметоваға жауап берді. Түсіпбаеваның сөзіне продюсер Гүлзира Айдарбекова да қосылып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Түсіпбаева өнер сапына қосылғалы Жүнісованың фонограммамен ән айтқанын көрмеппін деп ашынды. Онымен қоса, халықтың ерке де сүйікті қызына айналған Жүнісоваға жазушының ауыр сөз айтуы артық болғанын жеткізді.

"Аса құрметті, Зейнеп әпке! "Адамның басы – Алланың добы" деген сөз бар. Әр пенденің өмірі өз қалағанындай болса, өзі армандағандай болса, пенде Құдайын ұмытары сөзсіз. Маңдайға жазылған тағдыр деген болады, Зейнеп әпке. Сізге ақыл айтуым мүмкін емес, маңдайыма Бауыржан атамыздай батырдың келіні болу жазылмағандықтан. Дегенмен мектепте оқып жүргенімде, Мақпал әпкемнің жатақханадағы мекенжайын тауып, қолым дірілдеп, 18 рет жазып, 17 рет ол хатты жыртқан, өнеріне табынатын бір қазақтың қызы ретінде сізге жауап берейінші. Айып етпеңіз, алдын ала кешірім сұраймын сізден. 

Өз басым осы әріптес болғалы, Мақпал Жүнісованың фонограммамен ән айтқанын естімеппін (ТВ-түсірілім кезінде болмаса). Көпшіліктің сүйікті әншісіне айналған, танымал тұлғаны "албасты" дегеніңіз артықтау болды деп ойлаймын. Жеке пікірім. 

Ал қазақтың тұсаукесер дәстүрін бизнеске айналдырған әріптестерім болса, өзім де оларға албасты дер едім", – деп жазды әнші желідегі парақшасында.

Түсіпбаеваның сөзіне продюсер Гүлзира Айдарбекова да қосылды. 

"Қарға қарғаның көзін шұқымайды" дегендей, осы халықтың алдында жүрген кісілердің бірін-бірі даттап отырғаны өте орынсыз. Онсыз да көрермендер сынап, ойындағыларын қылт етсе айтып отырғанда, бұл кісіге қажеті жоқ еді. Алла абыроймен қартайтсын деп күні-түні Құдайдан сұрап отырамыз. Қанша мықтының мықтысы болса да, біреудің қақысына кіріп керегі не? Бір адамға сын айтамын деп миллиондаған адамнан қаншама ауыр сөз естіді. Мақпал – елдің ерке қызы, даусы өте мықты", – деді Қайрат Нұртастың анасы. 

Еске салайық, Зейнеп Ахметова Мақпал Жүнісованы фонограммамен ән айтады деп сынға алып, онымен не үшін араласпай кеткенін түсіндірген еді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары