«Шабытыма арқау болған – 25». Дәл осындай атаумен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Жас шайырлар егемендікті жырына қосты. Бәйгеде бақтарын сынады.
18 бен 25 жас аралығындағы ақындар мүшәйрасы 2 кезеңнен тұрды. Әуелі Тәуелсіздікке арнау, кейінгісі – еркін тақырыпта өлең жолдау. Балғын талант иелерінің өнеріне есімдері елге белгілі Нармахан Бегалы, Ханбибі Есенқарақызы, Әлібек Шегебай, Бақытжан Алдияр, Абай Қалшабек сынды ақындар қазылық етті.
«Жас ақындардың қадамдары жақсы. Алайда ізденіс керек. Талдың жапырағын ғана жырламай, тамырын да ескеру керек деп ойлаймын! Сайдың тасындай, тұлпардың тұяғындай қаламы жүйрік жас ақындардың жырлары бір-бірінен асып түседі. Алайда, жүзден жүйрігі, мыңнан тұлпары ғана оза шабады», - дейді ақын Нармахан Бегалы.
42 ақын бақ сынаған бұл бәйгеде жыры үздік деп танылған жас ақын Мұқағали Кенжетаев болды. 2-ші орын Ұлмекен Лесбековаға, ал, 3-орын Ерболат Айнабековке бұйырды. Өзге бес ақын ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
«Тәуелсіздікті жырлау – ақын үшін ұлы мұрат. Ол азаматтық парыз. Осы тақырып жайлы өлеңім бүгін бәйгеде оза шауыпты, қуаныштымын. Бұл да шабытыма шабыт қосады. Тәуелсіздік – ұлы ұғым, ұлық мереке! Оны елеп-ескеру, жырға қосу, қадіріне жету – әрбір зиялы азаматтың қасиетті борышы. Бұл шарада да осы мақсаттың бір ұшқыны бар», - дейді жеңімпаз М.Кенжетаев.