Елдегі бірлік пен берекені ұлықтаған, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған Шымкенттегі шара – патриоттық әндер байқауы болды. Байқауға оңтүстікқазақстандық 20 орындаушы қатысты.
Өзге ұлт өкілдері арасындағы ынтымақты дәріптейтін шараның мақсаты – егемендік жылдары есін жиған елдің бүгінгі бейбіт тіршілігін көрсету.
Өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы сталиндік солақай саясаттың салқыны Алиевтер отбасына да салқынын тигізбей қоймады. Махамедтің әкесінің кіндік қаны осы қасиетті қазақ жерінде тамған. Бір атаның баласындай, қолдың саласындай болып кеткен бұл отбасының күллі тіршілігі қазақ жұртымен біте қайнасқан.
МАХАМЕД АЛИЕВ - БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:
- Бүгінгі байқауға үлкен дайындықпен келдік. Рухты көтернетін патриоттық әндерді орындаймыз. Осындай сайыстар көп болсын.
Қатысушылардың барлығы тәуелсіздік пен елдегі татулықты әнге қосты. Иә, ынтымақ-тәуелсіздіктің басты құндылығы. Дәстүр мен дағды үндестігі сол татулықтың діңгегі іспеттес. Оңтүстік Қазақстан Облыстық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Ербол Байқонақовтың айтуынша, елді бірлікке үндейтін аталмыш шаралар соңғы жылдары дағдыға айналған.
Байқауға өнер саласының майталмандары төрелік етті. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде Руфат Ходжиевқа бұйырды. Ал, бірінші орын мен екінші орынды Жұлдыз Сейдуллақызы мен Махамед Алиев қанжығасына байлады.