17.11.2016, 13:42

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Түркістанда ел тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай жас айтыскер ақындардың айтысы да Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге арналды.

Қаладағы «Өнер» мектебінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» атты жыр додасына қатысқан 10 оқушы да еліміздің абыройын асқақтатып, елдің мұң-мұқтажын әдемі сөздерімен жеткізіп жүрген аға-әпкелерінен кем түспейтіндіктерін көрсетті.

Айта кетерлігі, бұлардың барлығы да 4-10 сынып оқушылары. Әдемі әзілдерімен қоса елдің тарихынан, азаттыққа жету жолынан сыр шерткен жас ақындар көрермендермен қоса қазылар алқасын да тәнті етті. Бірі бірінен үздік сайыскерлер арасынан жеңімпазды анықтау да біршама қиындық тудырды. Дегенмен, қазылар алқасы Ерсайын Диханбайды жеңімпаз деп таныды. Осылайша Ерсайын бас жүлде иегері атанды. І орынды нәзік жандылардың жалғыз өкілі болып қатысқан Гүлмарал Тасыбек иеленді. ІІ орын Айбар Мырзагелді мен Бақдәулет Қожановқа бұйырса, Болат Тәңірберді, Нұрлан Ережеп және Бекасыл Сәрсенбектер үздік үштікті қорытындылады.

Қаншама таланттарды тәрбиелеп отырған «Өнер» мектебінің директоры, белгілі айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев жүргізіп отырған додада аталған мектептің оқушылары ән мен жырдан, термеден шашу шашты.

Айтысқа жиналған көрермендер тосын сыйдың куәсі болды. Елімізге белгілі дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев жас айтыскерлердің өнерін тамашалап, түркістандық оқушылардың өнерін жоғары бағалады. Көрермендерге әдемі әндерін тарту етіп, жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен сыйлықтарын тапсырып, жүйріктерге  өнер әлеміне сәттілік тіледі.