$ 498.34  519.72  4.85

Әже әлдиiн жаңғыртты

Шымкенттегi Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда облыстық ардагерлер кеңесiнiң ұйымдастыруымен ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай «Әже әлдиi» форумы өттi.  Алқалы жиынға зиялы қауым мен басқарма басшылары, жергiлiктi ардагерлер  ұйымының өкiлдерi,  әжелер алқасының төрайымдары қатысты.

Облыстық ардагерлер  кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұлов форумның маңызы мен мақсатына тоқталып,  ұрпақ тәрбиесiне байланысты атқарылып жатқан  жұмыстарды түсiндiрдi. Облыстық ардагерлер  кеңесi төрағасының орынбасары Үрзада Айтөреева  бүгiнгi қоғамда әжелер институтының кенжелеп қалғанына қынжылыс бiлдiрсе,  жазушы, «Ырыс алды --- ынтымақ» облыстық қоғамдық форумының хатшысы Мархабат Байғұт «Отбасы — Отан ошағы» баяндамасында көптiң көкейiндегi мәселелердi орынды қозғады. Жиын соңы жарыссөзге ұласып,  аудан-қалалардан келген  өкiлдер пiкiрлерiн ортаға салды.  

Әже өнегесiн насихаттау үшiн бүгiнде облыста 19 әжелер алқасы мен   оның 620 бастауыш ұйымы жұмыс атқаруда екен. «Ата-баба дәстүрi --- ұрпаққа аманат»  бағдарламасы аясында облыстық ардагерлер кеңесi төрт жылдан берi түрлi тақырып бойынша мазмұнды шаралар ұйымдастырып келедi.  Биыл «Әже --- ұлттың ұйытқысы» тақырыбымен барлық аудан, қалаларда байқау өткiзiлген едi.  Форум аясында  көрермендер осы байқаудың  қорытынды сайысын тамашалады. Байқауда  ақ кимешектi әжелер өнер көрсетiп,  парасатымен сынға түстi. Асхан Майлыбаева, Несiпхан Камалқызы, Сая Қасымбек сияқты өз iсiнiң мамандарынан құралған  қазылар  алқасы үмiткерлердiң өнерiн  бағалады. Барлығы 17 топ қатысқан  байқаудың бас жүлдесiн шардаралық «Ақ шағала» әжелер тобы жеңiп алып,  диплом мен  200 мың теңге қаржылай марапатқа ие болды. 

Форумның қорытынды кезеңi келесi күнi облыстық орыс драма театрында өттi.  Салтанатты жиынды облыс әкiмiнiң орынбасары Ұласбек Сәдiбеков құттықтау сөз сөйлеп, ашты.

- Ғылымда ұлттың генетикалық коды деген  ұғым бар.  «Оның кiлтi неде?»  деген  сұрақ  саналы азаматты толғандырары сөзсiз. Француз отбасы асырап  алған  қазақ  баласы бiрде көшеде келе жатып қазақ күйi орындалып жатқан  тұста кiлт тоқтайды. Қазақша бiлмейтiн,  француз тәрбиесiмен өскен бала әлгi күй бiтпейiнше ол жерден  кетпей тұрыпты. Демек, сәби жадында ұлттың нәрi дамымаса да, қанына сiңген.  Осыған қарап ұлттың генетикалық  кодының кiлтi ---  ана әлдиiнде деуге болады. Осы тұрғыдан алғанда бүгiнгi шараның маңыздылығын облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев жоғары бағалауда. Осы сайысқа қатысқан  асыл аналарымызға өңiр басшысының алғысын  жеткiзгiм келедi. Сондай-ақ, шараның мазмұны осы сахнада ғана қалып қоймай,  әр шаңыраққа жетсе, - дедi облыс әкiмiнiң орынбасары. 

Ұ.Сәдiбекұлы бұдан кейiн бiрнеше әженi «Облысқа сiңiрген еңбегi үшiн» төсбелгiсiмен  марапаттады. Мерейлi марапатқа Ордабасы аудандық әжелер алқасының төрайымы А.Көкiшова,  Созақ аудандық  әжелер  алқасының төрайымы М.Қайыржанова,  Қазығұрт ауданының еңбек ардагерi Қ.Нұрбекова, Шымкенттегi №65 мектеп-гимназияның мұғалiмi Л.Қожақова ие болды. Сонымен қатар,  шымкенттiк Ш.Құрманбекова мен отырарлық К.Мырзахметова облыс әкiмiнiң грамотасымен марапатталды.  Облыстық  мәслихат хатшысының орынбасары Ә.Досболов пен  облыстық ардагерлер  кеңесiнiң төрағасы Ж.Мәуленқұлов та отбасының ұйытқысы, қоғамда белсендi ақжаулықты аналарды марапаттады.

Екi күнге жалғасқан форумның соңы концерттiк бағдарламаға ұласты.        

Лаура ТАСТАНБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Үздiк пьесалар анықталды
Келесі жаңалық
Ауылға әртiстер келдi!