$ 443.85  474.3  4.8

Асаба-дәрiгер Ахан «адамды бақытқа бастайтын қанағат пен еңбек» дейдi

Жиырма бес жылдан берi тәуелсiз қазақ жұртына аянбай қызмет ететiн алғыр да патриот жастардың тұтас буыны қалыптасты. Баршаға белгiлi, әлемдегi өркениеттi елдер қатарына ену  үшiн жiгерлi, жаңашыл идеялармен қаруланған, бiлiмге құштар, ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген жастарды тәрбиелеу қажет.  25 жыл iшiнде  елiмiзде жастар саясаты мәселелерiне үлкен көңiл бөлiндi.  «Дипломмен – ауылға», «Жастар практикасы», «Серпiн — 2050» бағдарламалары да талай жастың жолын  ашты. Бүгiнде әр салада жалынды еңбек етiп, жетiстiкке жетiп жүрген жастар қаншама?! Солардың бiрi – Ахан Қазыбеков. Түркiстандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң түлегi. Жас хирург. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы Бәйдiбек аудандық  емханасына жұмысқа орналасқан ол екi жыл iшiнде тұрғындардың алғысына бөленiп үлгердi.

Жуырда Шымкент қаласында өткен Жастар форумында Ахан Қазыбеков «Бейбiт заманның батыры» номинациясын иелендi. Облыс әкiмiнiң қолынан марапат алған жас дәрiгердi сөзге тартқан болатынбыз. Қорытындысында... Сұлу сөздiң маржанын терiп сөйлейтiн Аханның  мамандығының қыр-сырын термелегеннен гөрi адамдығының қалтарыс-бұлтарыстарына зер салып, кiсiлiк иiрiмдерiне үңiлгендi жөн санадық.

«Хирургия – күрделi сала. Адамға  ота жасап қана қоймай, оның оңалып кетуiне де жауаптысың. Шаршайсың. Бар күш-қуатыңды сарп етесiң. Моральдық тұрғыдан алғанда, өте ауыр. Аурудан айығудың ең басты амалдарының  бiрi – ертеңге деген сенiмдiлiк. Жарасы жай таптырмай, оған қоса «ендi не болар екен?» деп сарыуайымға салынған  жандарды жұбатудың өзi қиын.  Алайда, жұмысым ауыр екен деп жүнжiп кетуге тағы болмайды. Санаға серпiлiс қажет. Қолым қалт еткенде тойдың ортасынан табылатыным да сондықтан» дейдi жас дәрiгер.  Бәйдiбектiктер қолы жеңiл дәрiгер  ретiнде танитын оны  «сегiз қырлы, бiр сырлы» десе де жарасатындай. Үнемi iзденiсте жүретiн Ахан қоғамдық жұмыстарға да жең түре кiрiседi екен.

Ахан операция үстелiндегi керi әсерден арылудың жолын тапқан. Ол  – айтулы асаба. Талантымен талайды тамсандырып жүрген талапты жастың өнерiне қолқа салушылар көп. Той тiзгiнiн қолына алғанда тыңдармандары сiлтiдей тына қалады. Күндiз аурумен алысып, өмiр мен өлiм арасындағы науқастың жарақатын таңған дәрiгер кешке той көрiгiн қыздырып тұрады. Құдды өмiрге құштар жандардың арасынан келгендей, көңiлдi.  Иә, шешендiк өнердi меңгерген Ахан бұл қызметiн бұлдамайды да. Қанағатшыл. Тойды табыс көзi санамайды. Оның осынау қасиетiн жұрт жоғары бағалайды. «Жылы сөз жан семiртедi» демекшi, таңдайынан тәттi сөз төгiлген Аханның алдына келгендер дертiне дауа тауып жатады. Сырқаттың тән жарасын Ахан жүрегiнiң жан жарасындай қабылдай алады. Жасандылықтан ада жас дәрiгер әр емделушiнi бауырына тартып, көңiлiн таба бiледi. Оларға бiздiң сан жұбатуымыздан гөрi, дәрiгердiң жылы сөзi мың есе артық әсер етерi сөзсiз. Ауруынан толық айықпаса да, ауыртпалығы жеңiлдегендей күй кешедi. Бұл — Аханнан ем алған көптiң сөзi.

– Бауыр құрты, өттен тас алу секiлдi аурулармен қатар ұлпалар мен органдардың зақымдануы,  аяқ-қолдың сынуы мен буынның шығуы  сияқты жарақаттарға ота жасап жүрмiн. Науқастар әртүрлi. Бiрi ұзақ жылдар мазалаған сырқаты сыр бергенде есiгiңдi қақса, бiрi қас-қағым сәтте келеңсiздiкке тап болғандар.  Менiңше,   емделушiге тек дәрiгер емес, оның нағыз қорғаушысы екенiңдi сезiндiре алуың  керек.  Науқасқа мейiрiмдiлiк танытқанмен, жарақатын емдерде жұмсақ болуға болмайды. Бәрiбiр жүрек түкпiрiнде жанашырлық тұратыны анық.  Адам жанының арашашысы болу оңай емес. Алдағы уақытта осы саладағы бiлiктiлiгiмдi арттырып, бiлiмiмдi толықтырсам деймiн. Ота жасаудың жаңа тәсiлдерiн үйренiп, елiмiзде аурулар санын азайтуға атсалысқым келедi. Бiз бақытты кезеңде өмiр сүрiп жатырмыз. Әсiресе, жастарға мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетiлуде. Оқып, бiлiм аламын, жұмыс iстеймiн деген жасқа мүмкiншiлiк мол. Мұның бәрi тәуелсiздiгiмiздiң арқасы,  – дейдi ол ағынан жарылып.

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары