$ 498.34  519.72  4.85

«Әрі қарай қайда, қалай емдететінімізді ойлауымыз керек»: Жүрсін Ерманның қызы әкесінің денсаулығы туралы айтты

Қазір Жүрсін Ерманның Швейцариядағы құдасы Тедресс өз елінен қан тамырлары бойынша білікті мамандарға хабарласып, ақынның бұдан кейінгі еміне көмек қолын созғалы жатыр екен.

Ақын Жүрсін Ерманның денсаулық жағдайы бойынша қызы Ардақ Жүрсінқызы kyn.kz сайтына арнайы сұхбат берді.

Ақынның қызының айтуы бойынша, әкесі бір аптаға жуық өзін нашар сезініп жүрген. Себебі, төрт-бес ай бұрын ақынның оң аяғындағы тізесіндегі көк тамырға протез салынған.

“Сол протезді ағза қабылдамай, айналасы іріңдей бастаған”, – дейді ақынның қызы.

Кейін ірің қанға түсіп, ақынның дене қызуы көтеріліп, тырысу пайда болған. Бір күннің ішінде есінен танып, аурухананың жансақтау бөлімінде тыныс алу аппаратына таңылған.

"Сыртынан көрінбегенімен іштей іріңдеу процессі жүрген. Әкем ауырсынып жүргенімен, жағдай бұлай ушығады деп ойламаса керек, басында онша мән бермеді. “Қойып кетер” деп жүрді. Екі жеті бұрын есінен танып құлады, дене қызуы қырыққа жетті.

Таңертең жақсы жүрген, сол күні кешкісін есінен танып құлады. Аяғымен жүре алмай қалды. Содан жансақтау бөлімінде бірнеше күн есін жия алмастан жатты. Бір жетіден кейін жазда жасалған отаны қайта ашып, дәрігерлер протезді алып тастады. Қандағы оттегі түсіп, жасанды тыныстандыру аппаратында жатты бірнеше күн. Осы аптаның басынан бастап беті бері қарады. Аппарат алынып, қазір өзі тыныс алып жатыр. Енді жеке палатағы шығарылуын күтіп отырмыз", – дейді ақынның қызы Ардақ Жүрсінқызы.

Дәрігерлер кеше жансақтау бөлімінен шыққан ақынға жақындарының кіруіне рұқсат беріпті.

“Сол жерде дәрумендерге толы сұйық тамақты дәрігерлер өздері шлангтар арқылы ішкізеді екен. Содан өзіміз шприцпен тамақтандырдық. Көңіл күйі түсіңкі болды басында, әрине”, – дейді ол.

Ақынның қызы әкесінің денсаулығына алаңдаушылық танытып, хал сұраған айтыскер ақындардың қоңырауы Жүрсін Ерманның көңілін көтеріп, жұбаныш сыйлағанын жасырмады.

Қазір Жүрсін Ерманның Швейцариядағы құдасы Тедресс өз елінен қан тамырлары бойынша білікті мамандарға хабарласып, ақынның бұдан кейінгі еміне көмек қолын созғалы жатыр екен.

“Ары қарай қалай және қайдан емдетуді ойлану үстіндеміз. Ең бастысы, ауырып құлағаннан кейін беті бері қарады", – дейді Жүрсін Ерманның қызы. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары