Әу баста қалың көпшілікке әнші ретінде танылып, кейін хиджап киіп, өзін психологтардың тізіміне қосқан Индира Расылхан желідегі оқырмандарына діни тұрғыда түрлі тренинг өткізіп жүр. Бұл жолы өнер иесі жұмаққа қалай кірудің жолдарын көрсететінін айтыпты, деп хабарлайды Экспресс К.
Индира дәл қазір Стамбұлда тұрады. Ол өзінің жеке парақшасындағы 550 мыңға жуық оқырманына жәннатқа жолдама алудың қыр-сырын айтып, арнайы түсіріліген видео арқылы түсіндірген.
"Қалай жәннаттық боламын деген мақсатта өмір сүретін болса, Алла ұсақ-түйекке дейін сынайды. ҰБТ сияқты. ҰБТ-да қандай сұрақтың келетінін білмейсің ғой. Болмайтын сұрақ немесе қиын сұрақтар болады. Бұл да сол сияқты. Қай жерде сынақ келетінін білмейсің. Сол кезде тарс етіп тиген кезде, "оппа, мен мына нәрсені күтпедім ғой" деп қалады. Сол сәтте не сабақ алуым керек деген сұрақ туындаса, барлығы шешіледі", — дейді Индира Расылхан.
Түркияда тұмшаланған қазақ әншісінің дәл осылай желідегі жұртқа жұмаққа жолдама сыйлағаны халықтың ашуына тиген. Олар Индираға неше түрлі пікір жазыпты.
"Алламен тікелей байланысқа шыққан адам сияқты сөйледің ғой", "Аңқау елге арамза молда деп, иттің иті психолог, ақылды, данышпан", "Ой, Алла, осылар молаға барып келгендей айтады", "Барлығымыз Стамбұлға барамыз-ау. Көшіп барғанның бәрі психолог", — деп сынады оқырмандар.