$ 494.87  520.65  4.91

Шымкентте төрт балалы ана қуықтай жерде тұрып жатыр

Шымкентте көпбалалы ана ұлтарақтай жерде өмір сүріп жатыр. Азғантай табысы төрт баланың тамағына әзер жетеді. Баспанасы жоқ бұл отбасы көлемі санаулы шаршы метрді құрайтын сарайды паналауға мәжбүр, деп хабарлайды News.ivest.kz.

Тіпті, жәрдемақының өзін ала алмай отыр.

Нина Кириченконың төрт баласының үлкені Жора 10 жаста, одан кейін Богдан, Роза, ең кішкентайы Татьяна 2 жаста. Анасының айтуынша, балаларды әкесі аямай ұрып-соғып, жасқаншақ қылып тастаған. Балалар болса, жаңа ойыншықты қолдарына ұстап көрмепті. Жанашыр адамдардың берген ескі ойыншықтарымен ойнап жүр.

Анасының сөзіне қарағанда, азын-аулақ нәпақа төрт баланың азығынан ауыспайды. Рамазан айында жаны жомарт адамдар азық-түлікпен көмектестіпті. Бірақ, «оны қысқа сақтап қойдым», дейді Нина.

— Менің барлық құжаттарым қолымда, тіркеу қағазыма дейін бар. Бірақ, маған неге көмек көрсетілмейтінін түсінбеймін. Жәрдемақы неге берілмейді? Баспана неге берілмейді? Мен өзім жетіммін, туысқан ешкімім жоқ, — дейді көпбалалы ана.

Ал, Нина тұрып жатқан үйдің қожайыны Анна Кожакина бұл отбасының көріп отырған қиыншылығын көрудің өзі жүрекке ауыр тиетіндігін жеткізді.

— Ол маған қыстың күні жылап келді. Балалары жұқа киінген. Менен көмек сұрады, үйіңе кіргізші деп өтінді. Жағдайының қиындығын көріп, үйіме кіргізіп алдым, — дейді Анна Кожакина.

Нинаға пәтер жуық арада тимейтін сияқты. Себебі, ол баспана кезегінде 4856-шы болып тұр екен. Тағдырында талай қиындықты бастан өткерген әйел жомарт жандардан көмек сұрайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары