Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында бүгін Қазақстан құрамасы өз алаңында Даниямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ел құрамасы құрлықтық додада H тобында сынға түседі. Қарсыластары – Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино.
Бүгінгі кездесуде даниялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде олардың қатарынан Расмус Хёйлунн 21, 36-минутта қос гол соғып, басымдықты арттырды.
Екінші кезеңде қазақстандық құраманың да белсенділігі байқалды. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Ойынның 73-минутында даниялық футболшылар өзінің айып алаңында ереже бұзды. Қақпаға белгіленген пенальтиден Бактиёр Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ.
Ал, 86-минутта Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Қазірге дейін 43 ойын өткізген ол алғашқы голын соқты. Сондай-ақ, 89-минутта әуелеп келген допты Абат Айымбетов баспен қақпаға енгізді.
Осылайша, Қазақстан қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Екі команда бұған дейін төрт мәрте кездескен-ді. Оның барлығында даниялық футболшылар жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы қазақстандық құрама сол кеткен есені қайтарды.
Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді.
Бүгін Н тобында, сондай-ақ Словения - Сан-Марино, Солтүстік Ирландия - Финляндия құрамалары кездеседі.