$ 494.87  520.65  4.91

Ұлттық туризмді дамыту ерекшеліктері: көрсеткіштер және әлеует

Соңғы жылдары туристік саланы дамытуға көп көңіл бөлінуде.
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Бүгінде туризм әлемдік экономиканың жоғары табысты және қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) деректері бойынша туризм саласы әлемдік ЖІӨ-нің 10% -ын, әлемдік экспорттың 7% -ын қалыптастырады, сондай-ақ, әрбір 10-шы жаңа жұмыс орны туристік салада құрылады. Жекелеген елдер үшін туризмнің ұлттық экономикаға қосқан үлесі одан да маңызды. Саланың даму динамикасы 1980 жылдан бері туристердің әлемдік ағынын бірнеше есеге ұлғайғандығымен сипатталады. Біздің елдегі ұлттық туризмнің даму әлеуеті қандай? Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат агенттігі жазды.

Қазақстан Республикасының туристік саланы сапалы дамыту және оның ұлттық экономикаға қосқан үлесін ұлғайту үшін жоғары табиғи-климаттық, тарихи, мәдени әлеуеті мен мүмкіндіктері бар. Алайда, бүгінгі таңда қолда бар әлеует пен мүмкіндіктер толық көлемде пайдаланылмайды, ал туризмнің Қазақстанның экономикалық өсуіне әсері әзірге ауыз толтырып айтарлықтай емес және Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында қойылған міндеттерге жеткіліксіз деңгейде.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның туристік саласы көптеген өзгерістерге ұшырады. Осыған орай туристік қызметті реттейтін бірқатар заңнамалық актілер мен бағдарламалық құжаттар қабылданды, бұл саланың дамуына ғана емес, сонымен бірге елдің халықаралық имиджіне де оң әсер етті.

Соңғы жылдары туристік саланы дамытуға көп көңіл бөлінуде. 2017 жылғы маусымда ҚР Үкіметі Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Бұл тұжырымдаманы қабылдау туризмнің маңыздылығын көрсетеді және қолда бар мүмкіндікті пайдалануға, сондай-ақ, оны одан әрі арттыруға жауапты қадам ретінде қызмет етеді.

Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанға бес миллионнан астам шетелдік азамат келген. Бірінші орында Ресей Федерациясының азаматтары – 2 миллион 900 мың. Екінші орында Өзбекстан – 2 миллион 300 мың. Тағы 730 мың қырғыз азаматы болса, Тәжікстаннан 330 мыңнан астам адам, ал Түркияның 90 мыңға жуық азаматы елде болған.

Елімізде шетелдік туристерді тартатын мәдени және тарихи көрікті жерлер баршылық, олардың кейбіреулері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген (https://sn.kz/sn-akparat-agyny/99831-m-deni-mura-ult-tarikhy). Туристердің дені Жібек жолы арқылы саяхаттауға, ежелгі Таразды көруге, Түркістанға баруға және Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан-баба кесенелеріне, Отырар және Сауран қалашықтарына баруға мүдделі. Кейбірі Маңғыстау облысындағы Бекет ата және Шақпақ ата қорымдарын, Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтерін немесе Шығыс Қазақстандағы Берел және Шілікті қорғандарын, сондай-ақ көптеген қалашықтар мен басқа да ғибадат орындарын көруге асығады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары