Біздің халқымыз ежелден итке ерекше көңіл бөледі. Ит – адамның досы деп серігіне балайды және жеті қазынаның бірі деп есептейді. Заман өзгеріп дамыған сайын ақылды жануарлар да жаңаша қызметке ие болды. Олардың пайдасы бұрынғыдан да арта түсті. Еліміздегі құтқару қызметінде тауда жүріп немесе басқа да апаттар кезінде із-түссіз жоғалып кеткен жандарды іздеуге машықтанған арнайы жасақ бар. Қазіргі тілмен айтқанда кинология бөлімі. Олармен тікелей жұмыстанатын мамандарды кинологтар деп атайды.
Құтқару қызметі үшін көп жағдайда "малинуа" таңдап алынады. Оларды алу мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асады. Малинуа Бельгия овчаркасы болып саналады. Ол біздің құлағымыз үйреніп қалған неміс овчаркасынан әлдеқайда қабілетті әрі жылдам келеді екен және дене тұрпаты жағынан да шағын. Бұл өз кезегінде қуыс-қуысқа оңай өтіп, кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оларды таңдаған кезде де тек тұқымының сәйкес келуімен шектелмейді. Бекітілген ережеге сай иттердің жасы, есту және көру қабілеті, ең маңыздысы иіс сегіштігіне ерекше мән беріліп таңдап алынады. Таңдап алынғаннан кейін де күн сайын олардың іздеп табудағы қабілеті тексеріліп отырады.
Шартқа сәйкес ел бойынша әр өңірдегі құтқару бөлімінде жоқ дегенде бес иттен болуы керек. Өйткені, келіп түскен қоңыраулардың жартысына дерлік иттердің көмегі керек болып қалуы мүмкін. Құтқарушылардың сөзіне сүйенсек, маңызды тапсырмалардың сәтті аяқталуына осы жан серіктерінің қосатын үлесі өте көп.
Ақпан айында Түркия еліне құтқарушылармен қатарласа құтқарушы иттердің де аттанғаны барлығымызға белгілі. Былай күндері тілі жоқ жануардың тірлігіне мән бере бермейтін біз олардың да ерлікке бара алатынына көзіміз жеткен еді. ТЖМ итері іздеу-құтқару шараларын жүргізу барысында бірегей нәтиже көрсете білді. Олар: Джейкоб, Лига М Сириус және Аксель малинуа бельгиялық төбеттері, Чарли Кинг лабрадоры, Мирта неміс төбеті, Гринпис атты Бордер Колли. Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркияға сапарда қызметтік иттерден келген пайданың көп болғанын жасырмады. Әбден дайындықтан өткен иттердің арқасында қирандылар астынан бірнеше адамды аман алып шыққан. Түркияның ақпарат құралдарының өкілдері таңданыстарын жасыра алмай оларды арнайы таспаға да басып алып, өз алғыстарын жаудырған. Осылайша құтқарушы иттер көршілес елде танымалдылыққа ие болды. Олардың ішінен Джейкобқа тоқталар болсақ, ол алты жыл бойы құтқарушы болып жұмыс істейді. Жоғарыда атап өткен малинуа тұқымынан. Алты жылда қаншама адамның өмірін аман алып қалуға ат салысқан. Дәл сол Джейкоб үйінді астында тірі адам бар екені туралы сигнал берген.
Қазіргі таңда ТЖМ қатарында алпысқа жуық аттестатталған ит құтқару жұмыстарына белсенді түрде араласады, тағы 20-дан астамы толыққандысертификатталған құтқарушы болу үшін дайындық үстінде. Мемлекет олардың қатарын толықтырып отыруға үнемі қаржы бөледі.
Иесіне деген адалдығы, өзінен бұрын жақын адамының өмірін ойлайтындығы, көп жағдайда басқаның жолында құрбан болатындығы оларға табиғаттан келген мінез. Осы ерекше мінез бен қабілетінің арқасында олар басқа қолға үйретілген жануарларға қарағанда адам баласына бір табан жақын және олардан бізге пайда көп.