$ 439.43  473.31  4.82

Ел Үкіметінің құрылымы өзгеруі мүмкін

Жақын уақытта Үкіметтің құрылымдық жағынан өзгеріске ұшырауы мүмкіндігін саясаттанушылар мен сарапшылар жоққа шығармайды, деп хабарлайды «31 арна».

Қазіргі аймақтық геосаяси жағдайдың өзгерісі белгілі дәрежеде ішкі нарықта жаңа шешімдердің ізденісін тіпті тездетуі де мүмкін. Болжамдарға қарағанда, Үкіметтегі өзгерістер барлық министрлікті қамтиды. Алға жоспарланып отырған Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі де көп жағдайдың бетін ашуы ғажап емес. Алайда, кей министрлік өкілдері мұндай ақпаратқа түсініктеме беруге асықпайды.

Елдегі сарапшы мамандар алдағы жиыннан күтілетін негізгі нәтиже Үкіметтің қайта құрылымға ұшырауы болуы мүмкін деп болжап отыр. Десе де, қазіргі саяси әлеуметтік, экономикалық жағдай, тығырықтан шығар жол табу сияқты мәселелер де күн тәртібінде алғашқы болып қаралмақ.

Саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пайымынша, Үкіметті қайта жасақтау туралы әңгіменің жаны бар. Себебі барлық саладағы экономикалық жағдай мәз емес. Әсіресе, Қашағандағы ірі жобаның жүзеге аспауы Қазақстанның мұнай-газ секторындағы беделді түсіріп тастады. Одан бөлек, көршілес Ресейге төнген түрлі санкциялардың біздің елге де ықпалы туралы ойлануымыз керек. Сонымен қатар, Қазақстанға келетін инвестиция көлемінің күрт төмендеуі сөз болуы мүмкін.

«Аталған мәселелер үкіметтің алдына үлкен тапсырмалар жүктеп отыр. Жуырда күшіне енген мүлікті заңдастыру заңы да сырттан келер қомақты қаржының көлемін ұлғайта алмайды. Ал үкіметті қайта жасақтау да елдің экономикасына айтарлықтай жақсартады дегенге сену қиын» дейді маман. Ал үкімет мүшелері алдағы үлкен өзгеріс жайында жақ ашпайды.

Ал келесі бір сарапшы маман үкіметтің өзгерісінен еш нәтиже болмайды дейді. Оның айтуынша, қазіргі шенділер мемлекет тағдырына еш алаңдамайды екен.

— Бәрі де тәуелсіздік үшін күресіп, саусақтарының ұшын қимылдатпаған адамдар. Оларға бәрібір, Мәскеуге қызмет етеді ме, ертең Қытайға қызмет етеді ме, тәуелсіз Қазақстанға қызмет етеді ме? Сондықтан мемлекеттің болашағын толық ойламаса, ол міндетті түрде уақытша болады. Уақытша келеді, уақытша кетеді. Жалдамалы жұмысшы сияқты, — дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Дегенмен, Үкіметтің қайта құрылымдық өзгеріске ұшырауы мүмкіндігін жоққа шығармағанымен, сарапшылар нақтылы болжам айтуға асықпайды. Өйткені, елде кейде жүйесіздіктің жүйелілікке айналып кететіні айтылып та қалады. Ал кадрлық ауыс-түйістер депутаттар демалыстан келгенде болуы мүмкін дейді саясаттанушылар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары