Ақпан айында өзге елдерде болған жер сілкінісі біздің де халықты алаңдатып қойғаны анық. Әсіресе, Алматы тұрғындарының үрейі басым. Осындай жағдайда дүрбелең тудырмас үшін қалың көпшілікті сабырға шақырып, тікелей төніп тұрған қауіптің жоқтығын ескертіп, оқыс оқиға болған жағдайда да не істеу керектігін үйретіп, үнемі ақпараттандырып отыратын Алматы қалалық ТЖД қызметкерлерінің еңбегі оразан зор.
Алматы ТЖД қызметкерлері жер сілкінісі кезінде қандай әрекеттерге бару керек екенін түсіндіріп, қарапайым он қағидатпен тұрғындарды екі тілде құлақтандырып отырады. Сонымен қатар, әр үйде дабыл чемоданы дайын тұру керектігін де ескертеді. Ескертумен шектелмей дабыл чемоданының ішін немен толтыратындығын да көрсетіп, әлеуметтік желілердің көмегімен қалың көпшілікке таныстырып отырады. Ендеше дабыл чемоданы не, оны қалай толтыру керек деген сұраққа жауап беріп көрейік.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өкілінің айтуынша, дабыл чемоданы – құтқарушылар оқиға орнына жеткенге дейін немесе жер сілкінісі, су тасқыны, өрт және тағы да басқа төтенше жағдайларда сізді аман алып қалуға арналған заттардың негізгі жиынтығы. Біз өзіміздің сейсмикалық белсенді аймақта тұратынымызды ескере отырып, дабыл чемоданын жинақтап қоюуымыз керек. Дабыл чемоданының ішіне ең алдымен ақша және құжаттар, дәрі-дәрмек қобдишасы, бір адамға жетерліктей су, консервілер, жоғары калориялы тағам түрлері, жеке гигиеналық құралдар, сондай-ақ қалың киім мен көрпе, радиоқабылдағыш, қуатталған жарықшам, сіріңке, белгі беруге арналған ысқырық болуы керек. Дабыл чемоданын жинауды кейінге қалдырмай, арнайы уақыт бөліп жоғарыда айтылған керек заттармен толтырып, дайындап қойған жөн. Өйткені, ол өзгенің емес, ең алдымен өзіңіздің қауіпсіздігіңіз.
Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, бір ғана чемоданға сенім артып, онымен шектеліп қалмау керек. Әрбір отбасы мүшесінің өзінің жеке кезекші сөмкесі болуы шарт. Одан бөлек, өзіңіз жайында жазылған байланыс деректері және жақын адамдарыңыздың байланыс нөмірлері бар тізбекті де жаныңызда ұстап жүріңіз. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері ескерткен жайттарға мән беріңіз. Сақтансаң сақтайды дегендей өз өмірімізге жауапкершілікпен қарайық. Мемлекет өз тарапынан қашан да халыққа дұрыс ақпарат жеткізуге және бағыт сілтеуге дайын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық», «Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық», - деп бекер айтпайды. ТЖД қызметкерлерінің үндеуіне құлақ түре жүріңіз, олардың негізгі міндеті мен қызметі сіз бен біздің қауіп-қатерлерден мейлінше сақ болып, оқыс оқиғалардан аман жүруіміз болып табылады. Сақтықта қорлық жоқ екенін ешқашан естен шығармаңыз.