04.04.2023, 10:00

«Жорға жүрісті боксшы»: Бүгін - Бекзат Саттархановтың туған күні

Фото: sports.kz
Сондай-ақ Бекзат жаттығудан кейін тез арада қалпына келген. 2000 жылдың маусымында Тайландта жаттығып жүргенде тай елінің дәрігерлері қазақ боксшысының бұл қасиетіне қатты таңғалыпты.

Бүгін - Сидней Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бекзат Саттархановтың туған күні. 20 жасында Олимп тұғырын бағындырған батыр тірі болса бүгін 43 жасқа толар еді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бекзат Саттарханов Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған. Ол Түркістан қаласындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Бекзат әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлдің кенже баласы.

Бапкерлердің айтуынша, Бекзат Саттарханов ақылды боксшы болған. Ол рингте аяқпен шебер қимылдай білген. Сидней Олимпиадасындағы Бекзаттың қарсыласы, Оңтүстік Африка боксшысы Джеффри Матебула мұны растайды: "Бекзаттың аяғы мықты, жорға жүрісті боксшы екен. Осы жігіт Олимпиада финалына шығады" деген екен ол.

Бекзат жаттығу кезінде аяғына 3-4 келілік қорғасын байлап алып жүгірген. Қазақ спортшысымен бірген жаттыққан боксшылардың айтуынша, Бекзат аяғына ауыр тас байлап алғанына қарамастан, құрамадағы әріптестерінің үнемі алдын орап кетеді екен.

Бокс мамандарының пікірінше, Бекзаттың жұдырықтасу техникасы қазақтың даңқты боксшысы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевқа ұқсайды.

Әлемді мойындатқан қазақ боксшысы туралы қызықты деректер

Бекзат Саттарханов Сидней Олимпиадасының финалына боксшы ырымдап, Ермахан Ыбырайымовтың спорт жейдесін киіп шыққан. Бекзаттың жейдесіне жарнама болғандықтан, ұйымдастырушылар оған өз жейдесін киюге рұқсат бермепті деген де ақпарат бар. 

Сондай-ақ Бекзат жаттығудан кейін тез арада қалпына келген. 2000 жылдың маусымында Тайландта жаттығып жүргенде тай елінің дәрігерлері қазақ боксшысының бұл қасиетіне қатты таңғалыпты. Өйткені, 33 минут жүгіріп келген Бекзат Саттархановтың жүрек соғысы 3-4 минутта қалпына келген. Бекзаттың бұл ерекше қасиетін бапкерлер Тұрсынғали Еділов, Александр Апачинский, Анатолий Визирякин мен құраманың дәрігері Юсуп Шамузов қана білген.

Әлемді мойындатқан қазақ бокшысы бала күнінен өзін жеңген боксшыдан міндетті түрде есе қайтаруды ойлайды екен. Мысалы, 1995 жылы облыстық жарыстардың бірінде Данияр есімді баладан жеңілген Бекзат кезекті сайыста қарсыласын ауыр соққының астына алған.

Ал Аргентинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында ол украиналық Сервин Сүлейменовқа жол береді. Сервиннен жеңілгеніне қатты намыстанған ол "алдағы уақытта оны міндетті түрде жеңемін" деп бапкерлері мен өзіне серт береді. Ресейде ТМД елдерінің боксшылары қатысқан халықаралық бокс бәсекесінде Саттарханов Сервин Сүлейменовты жеңеді. Ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың бокс қолғабын күшпен тартып шешкен кезде, қолғапқа қан толып қалғанын көреді. Намысқой Бекзат бармақ сүйегі шығып кетсе де, шыдамдылық танытып, қарсыласына кеткен есесін осылай қайтарыпты.

Сондай-ақ Сидней Олимпиадасындағы жеңісі үшін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бекзат Саттархановты І дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады. Бекзат тарихта І дәрежелі "Барыс" орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.

Жарқ еткен жұлдыз

2000 жылдың 31 желтоқсан күні жаңа жылға 15 минут қалғанда Шымкент қаласының маңындағы Темірлан бекетінде Бекзат Саттарханов жол апатынан қаза тапты.

Әуесқой бокста Бекзат Саттарханов 143 жекпе-жек өткізіп, 132 кездесуінде жеңіске жеткен.