$ 494.87  520.65  4.91

Павлодар облысында мемқызметкерлер 15 пәтерді туыстарына таратқан

15 пәтер жұмыспен қамту орталығының өз қызметкерлеріне, туыстарына немесе таныстарына берілген.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Екібастұздағы жұмыспен қамту орталығында оннан астам пәтер заңсыз берілгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстық департаментінің басшысы Дархан Құрақбаевтың айтуынша, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласына жүргізілген сыртқы талдау барысында мемлекеттік бағдарламаларға қатысушыларға тұрғын үй бөлуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.

«Мұндай фактілер Екібастұзда анықталды. 15 пәтер жұмыспен қамту орталығының өз қызметкерлеріне, туыстарына немесе таныстарына берілген. Олар мемлекеттік бағдарламаға қатыспаған», - деді спикер.

Басқарма басшысы пәтерлерді бөлу тәртібі ашық болмағандықтан заңбұзушылық болғанына сенімді. Тұрғын үй комиссиясының құрамына жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері кіреді және жұртшылық өкілдері болмаған, қабылданған шешімдер бейнекамераға түсірілмеген. Сарапшылар отырыстардың құрамы мен тәртібін өзгертуді, қала әкімдігіне – Халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп заңсыз берілген пәтерлер бойынша келісімшарттарды бұзуды ұсынды.

«Бұл қызметкерлер пәтерлерді жекешелендіруді жоспарлап отыр, осылайша мемлекетке 75 миллион теңгеден астам материалдық шығын келуі мүмкін», - деді спикер.

Қала әкімдігі мен халықты жұмыспен қамту орталығы баспананы қайтару шараларын қолға алды.

Сонымен қатар Екібастұз қалалық жұмыспен қамту орталығы шағын және орта бизнесті дамытуға бөлінген бюджет қаражатының ұрланғанын анықтады. Антикор сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ұрланған қаржының нақты сомасы әлі анықталған жоқ. Бірақ мемлекеттік грант берудің заңсыз фактісі жалғыз бұл емес екені белгілі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары