$ 481.84  531.33  5.07

Алматыда патрульдік полиция қызметкері көпірден секіріп өлмек болған адамды құтқарып қалды

Алматыда патрульдік полиция қызметкері ер адамның көпірден секіруіне кедергі болды.
фото: caspianlife.kz
фото: caspianlife.kz

Жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Мерей Сәрсебек кешкі сағат жетілер шамасында Райымбек даңғылы мен Сүйінбай көшесі қиылысындағы автомобиль көпірінің қоршауынан секіргелі тұрған ер адамды байқаған. 

«Мен жақын жерде қызмет етіп жүрдім. Ер адамды көрдім, оған жәймендеп жақындап, әңгімелесе бастадым. Ер адам 31 жаста, ол Жамбыл облысынан келген. Біз бірнеше минут сөйлестік, осы уақыт ішінде оны бұл әрекетінен бас тартуға көндірдім. Нәтижесінде ер адам аман қалды, отбасылық қиыншылықтардан күйзеліске ұшыраған», - деді, аға лейтенант Сәрсебек.

Өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің мән-жайы мен себептері іс жүргізу барысында анықталатын болады.

Алматылық тәртіп сақшылары арасында адам өмірін сақтап қалу бұлжымас қағидаға айналған деуге болады. Мәселен, осыдан шамалы бұрын жедел әрекет ету және учаскелік инспекторлардың үйлесімді іс-әрекетінің арқасында тағы бір адам мезгілсіз ажалдан аман қалды. 
Оқиға Есенберлин көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Үй иесі мас күйінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Ол қоштасу үшін туыстары мен достарына телефон соғады. Ол бірден «102» нөміріне қоңырау шалған.

«Үйдің есігі құлыптаулы болды, оны сындыруға мәжбүр болдық. Үйге кірсек, бұл адам пештің жылыту құбырында ілулі тұрды. Мен көтердім, серіктесім оны шешіп алды. Алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Ауаға шығардық. «Жедел жәрдем» шақырдық», – деді, Медеу аудандық ПБ ЖПҚБ УПП-нің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Алмас Жанғали.

Дәрігерлер зардап шеккен адамға көмек көрсетті. Осыдан кейін ғана ол орны толмас қателік жіберуі мүмкін екенін түсінді.

«Өмірімді сақтап қалған полиция қызметкерлеріне үлкен рахмет. Бұлай болғанына кешірім өтінемін. Қателік жасадым», - деді, жергілікті тұрғын.

«Жағымсыз жағдай. Полиция қызметкерлеріне мың алғыс. Оны шешіп үлгерді. Үлкен рахмет», – дейді, туысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы