$ 490.84  536.88  5.04

Ақмолада ауыл тұрғындары қайтыс болғандарды ақтық сапарға қайықпен шығарып салып жүр

Сарқырама өзені жанай өтетін Арбузинка ауылының тұрғындары жыл сайын көктемде көретін күніміз осы деп отыр. Бір аптадан бері 30 оқушы да көрші ауылдағы мектепке жете алмаған.
Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Ақмола облысы, Арбузинка ауылы іргесіндегі Сарқырама өзені тасып, жолды шайып кетті. Салдарынан екі жүзге жуық тұрғын сыртқа шыға алмай, о дүниелік болғандарды ақтық сапарға қайықпен аттандыруға мәжбүр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Ақмола облысында Сарқырама өзені арнасынан асып, ауылды "қыспаққа алды". Тұрғындардың күн көзін көріп, сыртқа шығуының өзі мұңға айналғандай. Тіпті, өмірден озған жақындарын ауыл зиратына қарай қайықпен аттандырып, қызыл судың сабасына түскенін күтіп жүр.

КТК телеарнасының жазуынша,  ауылдағылар мәйітті арғы бетте қалған зиратқа жеткізу үшін ескекті қайыққа салып жібергенімен, көпшілігі сыртта жанын шүберекке түюмен болады. Өйткені қалт-құлт еткен ескі қайықтың өзі қырық жамау. Сарқырама өзені жанай өтетін Арбузинка ауылының тұрғындары жыл сайын, көктемде, көретін күніміз осы деп отыр. Бір аптадан бері 30 оқушы да көрші ауылдағы мектепке жете алмаған. Мұнда медицина пункті де жоқ. Сандықтау ауданының шенділері қолдан келер қайран жоқ, 200 метрге жететін көпір салуға кемінде 1 жарым миллиард теңге қажет дейді. Сондықтан, күн жылынып, су ағып кеткенін күткеннен басқа амал жоқ.

Аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы бұған қатысты мынандай пікір білдірді:

“Арбузинка ауылы биік жерде тұрғандықтан, үйлерге су кірген жоқ. Сарқырама өзеніндегі мұз еріген кезде жылда осындай жағдай орын алады. Тұрғындар азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Қазір су деңгейі ақырын төмендеп келеді. Соңғы тәулікте ағын су 20 сантиметрге түсті. Қажет жағдайда қайықпен тасымалдаймыз”, – деді Сандықтау ауданы ТЖБ бастығы Әсет Жанғожин.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары