12.04.2023, 14:20

Ақтауда 16 медицина қызметкері ауызашарда астан уланып қалды

Фото: pixabay
Науқастарда жоғары қызу, құсу, іш өту, жедел ішек инфекциясына тән интоксикация синдромы болған.

Ақтауда ауызашарға барған 16 медицина қызметкері астан уланып қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақтауда адамдардың жаппай уланғаны туралы ақпарат тараған еді. Авторлардың айтуынша, 50-ден астам адам уланған, олардың көпшілігі дәрігерлер.

Ақтау әкімдігінің баспасөз қызметі ақпаратты растады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 сәуірде қаладағы мейрамханалардың бірінде ауызашар өтіп, оған аудандар мен қаладағы емдеу мекемелерінің дәрігерлері шақырылған. Мерекелік шараға барлығы 50 адам қатысқан. Улану белгілерімен 16 адам көмек сұраған. Алты адам Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына емделуге жіберілген.

"Науқастарда жоғары қызу, құсу, іш өту, жедел ішек инфекциясына тән интоксикация синдромы болған. Барлық қажетті шаралар қолданылып, ем жүргізіліп жатыр. Ешқандай қауіп жоқ, науқастардың жағдайы тұрақты, температурасы бірқалыпты, динамикасы оң. Барлық анализдер алынып, ем қабылдауда. Шағыммен келген кезде қан қысымы төмен болған, инфузионды терапиядан кейін жағдайлары жақсарды", - дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Нұржанова.