Қазақстанда бүгін «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» күні. Жылдағы дәстүр бойынша ұлттық ғашықтар күні елімізде 15 сәуірде аталып өтеді.
Айта кетейік, бұл мереке жыл сайын ақпанның 14-і күні әлем бойынша аталып өтетін Қасиетті Валентин күнінің аналогы ретінде дүниеге келген. Қазақстанда Валентин күніне қатысты сан алуан пікірлер болды. Әсіресе, оның ұлттық менталитетке жат әрі моральдық жағынан жастарға кері әсер ететіні туралы жиі айтылды. Қоғам белсенділері Валентин күнін мектепте тойлауға мүлдем тыйым салуға да үндеген болатын.
Десе де, соңғы жылдары ғашықтар мерекесін «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» күнінде тойлап кең тарап келеді.
Өткенге көз жүгіртсек, бұл күнді атап өту осыдан 20 жыл бұрын басталған деген деректер бар. Алайда бұл күнді «Ұлттық ғашықтар күні» ретінде атап өту 2011 жылдан басталғаны туралы да мәліметтер кездеседі.
2011 жылы Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы бұл күнді өздерінің ресми шараларының қатарына қосқан екен. Осы жылдан бастап-ақ өңірлер ғашықтар күнін кең ауқымда атап өте бастады. Ал 2012 жылы Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехниткалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырды. Алматыда бір жылдары осы мереке қарсаңында үздік «Махаббат жұбы» да белгіленіп жатты.
Тыңнан қосылған атаулы күн - ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген жаңа тұрпатты мереке дәстүрге айналып келеді.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу - шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген ғашықтар. Сарыбай мен Қарабай аң аулап жүріп құдаласады. Бұл екеуінің ұл-қыздары кейін махаббат жолында түрлі қиыншылықтарды бастан кешеді. Жақсылық пен жамандық, дүниеқоңыздық пен көре алмаушылық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббат тарихы осы адалдықтарымен құнды.