03.05.2023, 11:20

Жигули Дайрабаев желіде өзіне қатысты тараған айыптауларға жауап берді

фото: tengrinews.kz
Mенің лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған.

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ауылдастарының желіде жариялаған айыптауларына жауап берді. Олар Жамбыл облысының Мерке ауылындағы үйі мен Кеңес ауылындағы жерге қатысты жазған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, кез келген адам құнды зат сатып алғанда жеті рет өлшеп барып шешім қабылдайды. Отбасыма деп сатып алған үй уақыт өткен соң заңсыз деп есептелгені кімге керек? Мұндай тәуекел ешкімге де қажет емес. Өздеріңізге осы бір сұрақты қойып көрсеңіз, бірден түсінесіздер деп ойлаймын. Нотариус арқылы жасалған келісімшартымыз заңды, үй иелерінің құқықтары сақталған. Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын да. Білуімше, ол – үй сатқан әйелдің бұрынғы жұбайы (ажырасқан). Ерлі-зайыптылардың арасына кірісетін адам емеспін. Ол азамат менің осы лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған. Айта кетейін, мұндай әрекет бірінші рет емес. Осыдан біраз уақыт бұрын мені кінәлаған адам қаралағаны үшін соттың шешімімен жазаланып, айыппұл төлеген болатын. Бұл әрекетін тоқтатпаса қайтадан сотқа жүгінуіме тура келеді», - деп жазады депутат Меркедегі үйі туралы.

Ал, Кеңес ауылындағы жерге қатысты жағдайдың 20 жыл бұрын болғанын айтады.

«Жерге қатысты компанияның иелері – ағайынды Иембердиевтер (Ерлан мен Нұрлан Ергешбайұлдары). Олар қазір Қазақстанда. Шатаспасам, Алматыда тұрады. Жердің де, ақшаның да иесі осылар. Менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ. Кезінде мен тек жалдамалы қызметкер болдым. Меркі ауданында 1 метр де жерім жоқ. Сондықтан да, ауылдағы наразы адамдардың арыздары жер иелері Иембердиевтерге жолдануы тиіс деп есептеймін. Ауыл тұрғындары мені негізсіз кінәламай, қайта көмегіме жүгінгені дұрыс еді. Әлі де кеш емес», - дейді Жигули Дайрабаев.