03.05.2023, 11:40

«Бопсалап ақша табатын, елге қауіп төндіретін адамдар»: депутат блогерлер туралы

Фото: parlam.kz
Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге?

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Анас Баққожаев блогерлердің мәртебесі мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Осыдан он шақты жыл бұрын «блогер» деген сөз қазақ қоғамына алғаш енгенде, біз оларды сапалы контент жасайтын жас мамандар деп қабылдаған едік. Алғашында бәлкім солай болған да шығар, бірақ қазір «блогер» деген кім? Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып әлек», - деді Баққожаев.

Ол дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын еске салды. 

«Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім. Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар.Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Сондай-ақ, осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?!», - деді депутат.

Оның айтуынша, бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс.

«Ал мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Халыққа шын жанашыр блогерлер де біздің елде жоқ емес. Көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға жәрдем беріп, әлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріме тек бас иемін. Оқырманға қызықты әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де айтар дауымыз жоқ. Бірақ әлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па, бас қатырмайды. Бастысы шу, бастысы сөз болса, болды», - деді ол.

Анас Баққожаев атағандай, ондай блогерлер жеке басына тиісе кеткенді әдетке айналдырған.

«Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз жүр. Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз. Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп тапсырған болатын. Алайда бұл заңның әлі дайын еместігін көріп отырмыз. Сондықтан біріншіден, аталған заң жобасына жауаптылардың әрекетіне тиісті баға берілуі керек. Екіншіден, тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет. Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артуда», - деп түйіндеді депутат.