Иранның жоғарғы соты миллиардер Бабак Занджаниге кесілген қатаң үкімді әділ деп есептейді. Бұл туралы журналистермен болған кездесуде сот өкілі мәлім етті деп жазады IRNA агенттігі.
Оның айтуынша, елдегі ең дәулетті тұрғындардың бірі өлім жазасына кесілген. Ал, бұл үкімнің нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз болып отыр.
Айта кетейік, Sorinet Grou корпорациясының басшысы 2013 жылдың соңында ұсталған болатын. Байлығы 14 миллиард долларға пара-пар ирандық олигарх мемлекеттің қаржысын талан-таражға салып, алаяқтықпен айналысқан деп айыпталуда.
Тергеу барысында белгілі болғандай, Иранның ұлттық мұнай компаниясы Бабак Занджаниге 2 миллиард доллардың мұнайын сату үшін берген. Алайда, миллиардер одан түскен ақшаны жеке басының қажеттілігіне жұмсапты. 2016 жылдың наурыз айында сот оны өлім жазасына кескен. Күні кеше жоғарғы сот бұл үкімді бекітті.