Қостанай облысы Наурызым ауданына қарасты Қараменді ауылы қар астында қалды. Соңғы бірнеше күн бойы тұрған дауылды ақтүтек желден елдімекенде адам бойынан биік омбы қар жиналып қалған деп жазады alau.kz.
Жергілікті тұрғындар тек қар тазалап қана қоймай, қарға көмілген үйлерін суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеп жатыр. Мұнда көлік түгілі адам жүретін жолды аршып алу азап. Фотосуреттерден адамдардың қардан тоннель жасап алғанын байқауға болады. Жалпы, қардың биіктігі 3 метрге жуық.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, дауылды желдің алдында тоқтаусыз қар жауған. Синоптиктер болса Наурызым ауданына түскен қардың биіктігі 58 сантиметрге дейін жеткенін айтып отыр. Көрші Қарасу ауданында - 34 см.