Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Айтулы күнге орай, ҚазАқпарат тілшісі елдегі балалардың жай-күйіне, болашақ азаматтардың құқығы мен бостандықтарының қорғалу деңгейіне статистикалық деректер негізінде шолу жасады.
Адамзат өркениетінің ең басты жетістігі демократиялық құндылықтардың қоғам құрылысын реттейтін халықаралық стандарттар деңгейіне көтерілуі дейтін болсақ, «бала құқығы» ұғымы сол демократиялық құндылықтардың негізгі нышандарының бірінен саналады. Адам құқығы, әйел құқығы, бала құқығы дейтін асыл ұғымдардың түпкілікті маңызын түрліше тәпсірлеп, сан-саққа жүгіртіп, пікір таластырып жататын қазақ қоғамына қарап, демократиялық құндылықтар елімізде іс жүзінде қаншалықты салтанат құрып тұрғанын көруге болады.
«Маған ересектер физикалық және писхологиялық жаза қолданады» – 25,35%
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті биыл жүргізген әлеуметтік зерттеу кезінде қазақстандық балаларға «Сіздің құқықтарыңыз жиі бұзылып тұра ма?» деген сұрақ қойылған екен. Сұраққа көбісі жоқ деп жауап берген. Нақтырақ айтсақ, «ешқашан»-38,2%, «кейде кездеседі» -30,3%, «білмеймін»-23,1%. «Иә» деп жауап бергендердің ішінде 3,7%-ы «үнемі тап болатынын», 4,7%-ы «жиі ұшырайтынын» айтқан.
Жауаптарды жас санаты бойынша қарастырсақ, 10-11 жастағы респонденттердің жартысына жуығы (43,4%) «жоқ, ешқашан кездескен жоқ» десе, 3,4%-ы жиі кездесетінін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың жасы ұлғайған сайын «құқығым жиі бұзылады» дегендердің үлесі артып отырған. Бұл әсіресе 12-15 жас аралығындағы балалар арасында байқалады. Мұнда 5,1% «жиі», 3,8% «тұрақты кездеседі» деп жауап берген.
Өңірлер арасында Шымкент қаласында (4,56%), Түркістан (3,36%), Атырау (3,55%), Алматы (3,3%) облыстарында 12-15 жас аралығындағы балалар құқықтарының жиі бұзылатынын айтқан.
Респонденттердің 34%-ы әрекет ету еркіндігін шектеуге және жеке өмірге өрескел араласуға тап болатындарын айтқан. Ал 30,03%-ы адамдық қадір-қасиетін қорлауға тап болатындарын көрсетсе, 32,35%-ы өздерінің пікірлерінің еленбейтінін және ересектер оларды жеке тұлға ретінде қабылдамайтынын атаған. Сондай-ақ, 25,35%-ы оларға қатысты физикалық және психологиялық жазалау әдістері қолданылатынын атап көрсеткен.
Жетімдер саны 20 мыңнан асады
Ұлттық статистика бюросында балалардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалу деңгейі туралы статистика 2021 жылмен ғана шектеледі. Ондағы ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалардың жалпы саны 22 692 болған.
2021 жылдың соңында елімізде 19 Балалар үйі болған. Онда 710 жеткіншек тәрбиеленіп жатыр. Ал 2010 жылдың соңында елдегі Балалар үйінің саны 25, онда тәрбиеленушілер саны 1 599 болған еді. Яғни, қазіргіден екі есе көп болған.
2021 жылы елімізде кәмелетке толмағандардың қолымен 1 529 қылмыс жасалған. Ал 2001 жылы бұл көрсеткіш 7 359 болған. 20 жылда балалар қылмысы 4,8 есе азайған деуге болады.
2021 жылғы қылмыстардың 62-сі «аса ауыр» санаттағы, 561-і «ауыр» санаттағы қылмыс ретінде тіркелген. Тізбелеп айтсақ, 11 кісі өлтіру немесе соған оқталу, 60 денсаулыққа қасақана зиян келтіру, 24 зорлау және зорлауға қатысу, 8 қарақшылық, 118 тонау, 654 ұрлық, 12 бопсалау, 86 алаяқтық, 71 көлік айдап әкету, 13 қару мен оқ-дәрі ұстау/сақтау/алып жүру, 30 есірткі қылмысы тіркелген.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің мәліметі бойынша, 2022 жылдың басында елдегі 18 жасқа толмаған балалардың саны 6 млн 485 507 болған. 2011 жылдың басында бұл көрсеткіш 4 млн 851 538 еді.
Жалпы Қазақстан халқының санындағы балалардың үлесі – 33,9%. Оның ішінде қаладағы халықтың арасындағы үлесі 32,4% болса, ауылдағы үлесі – 36,2%.
Бүгінгі таңда елімізде балаларды дамытуға бағытталған 10 871 мектепке дейінгі ұйым бар. Оларда 922 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жүр. Осы 10 871 ұйымның 7 390-ы балабақша болса, 3 481-і шағын орталық.
Елімізде 7550 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 3 млн 597 159 бала оқиды (2021 жылғы статистика).
2022 жылы Аружан Саиннің атына балалардың құқықтарын бұзу фактілері бойынша азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан 343 өтініш түскен. Сол өтініштер негізінде 53 іс сотқа жеткен.
Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, 2022 жылы балаларға қатысты жыныстық қол сұқпау кепілдігі 719 рет бұзылған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 21,85% аз (920 факт болған).
2022 жыл Президент қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Балалар жылы ретінде аталып өтті.
Балалар арасындағы суицид
UNICEF-тің дерегі бойынша, Қазақстанда әлемнің басқа дамушы және дамыған мемлекеттерімен салыстырғанда суицидтің жалпы деңгейі жоғары емес. Дегенмен 5-14 жас аралығындағы балалар мен 15-24 жас аралығындағы жастар арасында суицид деңгейі жоғары.
UNICEF сарапшыларының айтуынша, 2009 жылы 5-18 жас аралығындағы балалар арасында 264 суицид жағдайы, 2010 жылы 256 суицид жағдайын тіркелген. Сол кезден бері не өзгерді? 2023 – 2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспарындағы дерекке сүйенсек, балалар суицидінің кейінгі жылдардағы статистикасы мынандай:
2020 жылы – 144 (әрекет – 307), 2021 жылы – 175 (373), 2022 жылы – 155 (309).
Өңірлер арасында суицидтің өршуі Жамбыл (3-тен 13-ке дейін), Солтүстік Қазақстан (2-ден 5-ке дейін), Қостанай (6-дан 8-ге дейін) облыстарында және Алматы қаласында (12-ден 16-ға дейін) байқалады. Өз-өзіне қол салудың жоғары деңгейі - Түркістанда (36 жағдай). Өз-өзіне қол салу әрекеттерінің өсуі Түркістан (30-дан 46-ға дейін), Ақтөбе (16-дан 21-ге дейін), Атырау (8-ден 14-ке дейін) облыстарында байқалған.
2023 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-орында тұр. 100 мың тұрғынға шаққанда 17,6 жағдайдан келеді. Ал балалық шақтың ұзақтығы мен қорғалу индексі бойынша 180 елдің ішінде 50-ші орында тұр.
2021 жылғы оқушылар үшін үйірмелер мен секциялар
Саны, бірлік
Қатысатын балалардың саны, адам
Көркемдік-эстетикалық
11741
309105
Декоративті-қолданбалы
7121
105243
Техникалық
3810
78052
Экологиялық
3789
67755
Туристік-өлкетану
2229
32348
Қоғамдық-гуманитарлық
8098
148856
Табиғи-математикалық
9840
200553
Тілдік
9544
213474
Волейболдық
7958
237788
Баскетболдық
5833
149892
Футболдық
6953
213449
Теннис
3829
77083
Күрес (барлық түрлері)
2163
43496
Қысқы түрлері
858
12979
Ұлттық ойындар
6822
187388
Шахматты-шашкалық
6881
210363
Басқа спорттық
6663
209494
Басқа бағыттар
7599
192291