2022 жылдың сәуір айында қабылданған «Қазақстандықтардың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» негізгі мақсат-міндеттерін сақтай отырып, 2029 жылға дейінгі мерзімдер бойынша өзектендіріліп, ұзартылды. Құжатқа түзетулер жобасы биыл ақпан айының басында жарияланды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат поралы жазды.
Жалпы, табысты арттыру бағдарламасының мақсаты – жоспарлы кезеңнің соңына қарай халықтың нақты табысының орташа жылдық өсу қарқынын 4-5% деңгейінде (алдыңғы нұсқадағыдай) қамтамасыз ету және 3,3 млн-нан астам жұмыс орнын (сәуір айындағы нұсқада жиынтық-2,0 млн) құру.
Осы тұрғыда халықтың табысын арттыруға елеулі әсер ету үшін мынадай жүйелі шараларды қолға алу қажет:
- сұранысы жоғары тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа өндіріс орындарын локализациялау;
- 37 отандық тауар өндірушінің аралас өндірісін құру бойынша мұнай-газ саласындағы 4 зауытты іске қосу (құбырлар, сорғылар, ыдыстар, бөтелке өнімдері, геотекстильдер, тоңазытқыштар мен кондиционерлер);
- жер қойнауын пайдаланушы 50 ірі кәсіпорынның маңайына шағын және орта бизнес белдеулерін шоғырландыру, бұл аталмыш кәсіптен түсетін табыс көлемін ұлғайтуға және тауарды өткізудің кепілді нарығын иемденуге, сондай-ақ өнімділікті барынша арттыруға жол ашады.
Бұл ретте назар аударатын тағы бір мәселе – 4 салада – фармацевтика, биотехнология, IT-технологиялар және мұнай-химия бағытында жаңа индустриялар құру нәтижесінде өңдеу өнеркәсібін ілгерілету. Бұл жұмыс отандық тауар түрлерін өндіру және экспортқа шығару есебінен импортқа тәуелділікті еңсеруге серпін береді. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі саласында 125 мыңнан астам жұмыс орнын құратын 713 жоба іске асырылатын болады.
Бағдарламаның маңызды бөлігі – ол елдің жаңа экономикалық өсуіне ықпал ететін бағыттарды, азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жасалатын жағдай, сондай-ақ жаңа дағдыларды сіңіретін жанама шараларды да қамтиды. Тікелей шараларға келетін болсақ, бағдарламада 1,1 млн-нан астам қызметкердің жалақысын көтеру жоспары бар. Оның ішінде бюджет саласындағы 850 мыңнан астам қызметкердің лауазымдық жалақысы ұлғайтылатын болады.
Халықтың табысын арттыру стратегиялық міндет болып саналады. Халықтың мемлекетке деген сенімі және барлық реформалардың сәтті жүзеге асуы осыған тікелей байланысты.
Халықтың табыс құрылымында еңбек қызметінен түсетін табыс төмендеп, әлеуметтік трансферттердің үлесі өсіп келе жатқанын ескерсек, бағдарламаның қабылдануы, уақтылы жүзеге асуы заман талабына сай бағыт алып отыр.