Таиландта қайтыс болған екі қазақстандықтың денесі жақын арада елге жеткізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров дәстүрлі брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өкінішке қарай, Таиландағы біздің азамат кеше кешке қайтыс болды. Жас ағза болғандықтан аман қала ма деген үміт болды. Тай дәрігерлерімен кеше сөйлестік. Екі күн бұрын оның әке-шешесі Пхукетке ұшып барды. Олардың қасында консул бар. 1 маусым күні бізге ауруханадан қоңырау түсті. Азаматтарыңыз жансақтау бөлімінде жатыр деді. Азаматтарға жергілікті билік суға түспеу туралы ескерту жасаса, оны сақтау керек. Себебі 3 маусым күні тура сол жағажайда тағы бір азамат суға батып кетті. Оны құтқарып үлгермеді. Жақын арада екеуінің де денесі Қазақстанға жеткізіледі. Туыстарымен жұмыс істеп жатырмыз. Құжаттар рәсімделіп жатыр. Әуекомпания мен басқа да ұйымдармен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Смадияров атағандай, расталмаған ақпаратқа сәйкес, кеше қаза тапқан азамат өз қызын құтқарамын деп суға түскен.
«Бірақ қасында ешкім болған жоқ. Сондықтан оны нақты айта алмаймыз. Өкінішке қарай, тай полициясының ақпаратына сәйкес, қызыл жалау қойылған жағалауда суға түсуге тыйым салынған. Бірақ көбіне ТМД елдерінің азаматтары ережелерді бұзып суға түседі. 2 қазақстандықтың денесі туыстарының есебінен елге жеткізіледі», - деді Смадияров.