$ 498.34  519.72  4.85

Теріс діни ағымға кіру онлайн-платформалар арқылы жүріп жатыр – Зайытов

Ол мемлекеттік арналар ешқандай теріс діни ағымға тәрбиелемейтінін айтты.
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов Қазақстандағы теріс діни ағымға кірудің барлығы онлайн-платформалар арқылы жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бізде халыққа зияны бар ешқандай заң шықпайды. Бірақ орындалуы бойынша Ішкі істер министрлігіне өтінішім бар. Ертең осы заң шыққаннан кейін «әу деп аузын ашып, ауылымда жағдай жоқ» деп айтып қалған адамдарға қарсы қолданылып кетпесе екен», - деді Зайытов.

Ол заң жобасы бойынша әріптестерінің толық ақпарат бергенін және заң жобаларының тиімді әрі халыққа маңызды жерлерін атап өтті.

«Қазіргі таңда онлайн-платформаның барлығы жалған ақпарат беруден бөлек, жалған жарнама тарату, жалған дәрістер беру, «азаматтарға үйден шықпай, тендерден ақша табыңдар» деп заң бұзуға тәрбиелеп жатыр. Оларға қолданылып жатқан ештеңеміз жоқ. Танымал адамдардың аттарын парақша ашады, «онлайн-лоторея өткіземіз», «сендерді ақшаға жарытамыз», ол аз десе біреудің атынан парақша ашып, біреуді жамандап, жалған ақпарат таратады. Ол да белең алып барады», - деп түсіндірді ол.

Зайытовтың айтуына қарағанда, Қазақстандағы теріс діни ағымға кірудің барлығы онлайн-платформалар арқылы жүреді.

«Біздің мемлекеттік каналымыз ешқандай теріс діни ағымға тәрбиелемейді. Ол тек қана осы онлайн-платформалар арқылы жүріп жатыр. Осы заң жобасы «осындайлардың» барлығын ауыздықтап, жүгендеудің бірден бір жолы», - деп айтты депутат.

Мәжіліс «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» және оған ілеспе екі заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Олар - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары. Депутаттар заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдағанын еске сала кетейік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары