$ 494.87  520.65  4.91

Ауыл балалары Назарбаев Университеті секілді жоғары оқу орындарына неге түсе алмайды?

Тағы сол үш жылда үкіметаралық келісім негізінде берілетін бакалавриат деңгейіндегі 429 гранттың бірде-бірі ауыл баласына бұйырмаған.
Фото: aqmeshit-zhastary.kz
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Ауыл оқушыларының НЗМ, БИЛ, РФМШ секілді білім ордаларына түсу үлесі өте төмен, бар-жоғы 0,2 %-ды құрайды. Бұл туралы «Ауыл» партиясы орталық аппаратының әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орталығының басшысы Қуаныш Сейтжанов мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, Ауылдық мектеп түлектерінің мұндай мамандандырылған мектептерге түсу мүмкіндігі нөлге тең.

«Ауылдық орта білім берудің негізгі проблемаларына, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтыққа, ауыл оқушыларының көпшілігі үшін тереңдетілген білім беретін мамандандырылған мектептерге түсу мүмкіндігі өте төмен болып отыр. Тіпті нөлге тең деуге де болады. Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, ауыл оқушыларының НЗМ, БИЛ, РФМШ секілді білім ордаларына түсу үлесі өте төмен, бар-жоғы 0,2 %-ды құрайды. Сонымен қатар ауыл түлектерінің заманауи маман иелерін дайындап шығаратын Назарбаев Университеті секілді жоғары оқу орындарына түсу ықтималдылығы тіптен аз. Соңғы үш жылда дәл осы Университетке ауылдан 54 түлек оқуға түскен. Тағы сол үш жылда үкіметаралық келісім негізінде берілетін бакалавриат деңгейіндегі 429 гранттың бірде-бірі ауыл баласына бұйырмаған. 

Мұның бәрі ауыл балаларының дайындық деңгейі төмендігі мен ауыл және қала мектептеріндегі оқу процесінің негізгі сипаттамасындағы дифференциацияның айғағы. Жабдықталу деңгейінің нашарлығы, шағын жинақты сыныптар, кәсіби білігі төмен педагогтер, интернеттің баяулығы - ауыл мектептерінде сапалы білім алуға кедергі келтіреді. 

Жалпы алғанда, ауыл оқушыларының РФММ, НЗМ, БИЛ мектептеріне түсу көрсеткішінің төмендігі қосымша білім алу мүмкіндігінің жоқтығымен түсіндіріледі. Онлайн, офлайн форматтарында оқытатын білім беру орталықтары тек  қалалық жерлерде орналасқан, әрі қызметтері де ақылы. Мұның бәрі ауыл балаларын қала балаларынан білім бәсекесінде артта қалуға мәжбүрлейді», - дейді ол.

Өз сөзінде Ауыл партиясының өкілі мамандандырылған білім беру ұйымдарына түсудің  бірнеше жолын ұсынды:

Ауыл мектептерінің білім сапасын көтеріп, ондағы дарынды балалардың бастауыш сыныптардан кейін мамандандырылған оқу ұйымдарында  білім алуына   мүмкіндік туғызу үшін оларға тегін немесе бюджет тарапынан субсидияландырылған қосымша онлайн курстар ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру; 

Ауыл мектептері түлектерінің Назарбаев Университетіне немесе «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарына қабылдауға және пәндік олимпиадаларға  дайындау үшін жекелеген пәндер бойынша тегін онлайн курстар ашу.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары