22.06.2023, 10:40

Қостанайда субсидияға бөлінген жарты млрд теңгені жымқырған бір топ адам ұсталды

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Қостанайда ауыл шаруашылығы субсидиясына бөлінген жарты млрд теңгені жымқырған бір топ адам ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Қостанайда бір топ жеке тұлға агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бойынша субсидия ретінде бөлінген 500 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді", - делінген хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топ 2022 жылдан бүгінге дейін әрекет етіп келген.

"Қылмыстық схема бойынша шаруа қожалықтары шын мәнінде жоқ өнімді қайта өңдеу зауытына жалған жеткізіп, олар үшін субсидиялар төленіп, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысушылар арасында үлестірілген", - деп атап өтті агенттік.

Ұйымдастырушы мен оның екі сыбайласы қамауға алынып, сот оларды 2 айға қамауға алу туралы санкция берді.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.