Қазақстандық Абылайхан Жұбаназар Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Абылайхан 81 келіге дейінгі салмақта жүлдеге ілікті.
Қазақстандық дзюдошы алдымен германиялық Доминик Ресселді иппонмен ұтты.
Екінші айналымда моңғолиялық Буянцагаан Эрденебатты тізе бүктірді.
А.Жұбаназар ширек финалда жапониялық Кения Охараға есе жіберді. Дегенмен жұбаныш белдесуінде бахрейндік Аскерби Гербековті жеңді. Қола жүлде үшін бәсекеде тағы бір моңғолиялық Молд-Очир Герелтуяны қапы қалдырды.
Бұл - Абылайханның Grand Slam додаларындағы екінші медалі. Ол биыл Грузия астанасы Тбилисиде күміс жүлдеге ие болған еді. Ал өткен жылы Моңғолиядағы осы жарыста бесінші орыннан көрінді.
Кеше жарыстың бірінші күні Нұрқанат Серікбаев (-60 кг) пен Ғалия Тынбаева (-48 кг) қола жүлдеге қол созым жерден тоқтап, 5-орынға тұрақтаған еді.