$ 495.2  522.34  4.94

Қазақстан гендерлік саясат сахнасында

Гендерлік теңдік тұтастай алғанда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілік деңгейіне әсер ете алатынын түсінген әлем елдері гендерлік тепе-теңдікке қарай қарқынды ығыса бастады.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Әйел мен ердің теңдігі туралы жаһандық дискурс өз ұстанымын жоғалтпай, жалғастырып келеді. Бүгінде гендерлік кемсітушіліктің барлық түрлері мен себептерін жоюмен бірге, қоғамның қай саласын алып қарасақ та ерлер мен әйелдердің тең құқықтарына, жеңілдіктеріне, міндеттері мен мүмкіндіктеріне қол жеткізу тұрақты дамудың жолына түсудің негізгі алғышарты болып отыр. Еліміз бұл көшке қаншалықты қалмай ілесіп отырғанын қарастырып өтейік. 

Тәуелсіздік жылдарынан бастап біздің еліміз гендерлік саясатты дұрыс жолға қоюда ауыз толтырып айтарлықтай белестерді бағындырды. Мәселен, мемлекетіміз негізгі халықаралық актілерді – әйелдердің әлеуетін көтеру жөніндегі іс-қимыл жөніндегі Пекин платформасын (1995), БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясын (1998), Әйелдердің саяси құқықтары туралы конвенцияны (2000) ратификациялады. Бұдан бөлек тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы конвенция (2000 ж.), ХЕҰ-ның ерлер мен әйелдердің атқарған еңбегі үшін теңдей ақы төлеу туралы конвенциясы (2000 ж.) және т.б. қабылданды. Сонымен қатар, гендерлік саясатты жүзеге асыруда Қазақстан бірқатар елдермен тығыз байланыс орнатты. Олардың ішінде атап айтарлық халықаралық ұйымдардан: ЮНИФЕМ, ЕҚЫҰ, Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКМ), USAID, Британ кеңесі және БҰҰДБ бар. Бұдан бөлек, гендерлік теңсіздікті төмендетуде мемлекетіміз жеткен жетістіктер туралы ЭЫДҰ Мемлекеттік басқару және аумақтық даму дирекциясының саясаттанушысы Пинар Гювен бастаған ЭЫДҰ сарапшылары ерекше атап өтті.

Бүгінде еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары, басымдықтары мен міндеттері 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында айқындалып қойған. Осыдан төрт жыл бұрын аталмыш саясатты іске асырудың алғашқы кезеңі аяқталды. Соның нәтижесінде еліміз ұлттық және халықаралық тәжірибені жан-жақты есепке ала отырып, талап етілетін гендерлік теңдікке мақсатты түрде қадам басып келеді. 

Қазақстан әйелдерді жұмыспен қамтудың тұрақты деңгейін ұстап отыр және осы тұрғыдан алып қарағанда көптеген экономикасы қарқынды дамыған елдер иық тіресетіндей күйге жетті.

Соңғы жылдардағы статистикаға сәйкес шағын және орта бизнестегі (ШОБ) әйелдердің салмағы бұрынғыға қарағанда артты. Тіркеудегі жұмысы жолға қойылған кәсіпкерлердің ішінде әйелдердің үлесі елу пайызға дейін жуықтады. Қазақстандағы шағын, орта және ірі кәсіпорындар менеджерлерінің отыз пайызға жуығы нәзік жандылар болса, әрбір төртінші шаруа және фермер қожалығын әйел адам басқарады. Бұл соңғы он жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Бүгінде үш жүзге тарта үкіметтік емес ұйым әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге білек сыбана араласуда. Оның нәтежиесінде кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдардағы басшылық қызметтің отыз пайызын әйелдер атқарып отыр.

Мемлекет әйелдердің саясаттағы рөлі мен шешім қабылдау деңгейіне де ерекше ден қояды. Қазіргі шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының жалпы құрамындағы әйелдердің үлесі жиырма пайызға жуықтады. Парламенттің төменгі палатасындағы әйелдердің үлесі бірте-бірте өсіп келеді: бірінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары арасында (1996-1999 ж.ж.) әйелдердің үлесі он пайызды құраса, жетінші шақырылымның депутаттары арасында (2021 жылдан қазіргі уақытқа дейін) әйелдердің үлесі отыз пайызға жетті. Осы тұста айта кететін жайт БҰҰ деректері бойынша әлемде «төменгі» палаталардағы әйелдердің орташа өкілдігі 23,4%-ды құрайды.

Сонымен қатар, инновациялық әлеует деңгейі, елдердің бәсекеге қабілеттілігі мен мемлекеттің барлық саладағы гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі күш-жігері арасында тығыз байланыс орнатылды. Гендерлік теңдік тұтастай алғанда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілік деңгейіне әсер ете алатынын түсінген әлем елдері гендерлік тепе-теңдікке қарай қарқынды ығыса бастады. Осы тұрғыда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің мүдделерін ілгерілету және құқықтарын қорғау, соның ішінде сайлауалды партиялық тізімдер бойынша әйелдер мен жастар үшін 30% квотаны енгізу, зорлық-зомбылық, педофилия, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту сынды шараларға ерекше көңіл бөліп, қолға алды. Өз кезегінде аталмыш шаралар жемісін беріп, жоғарыдағыдай оң көрсеткіштерге жетті.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары