Адам саудасын болдырмай онымен күресу тек біздің елді ғана емес, сонымен қатар бар әлемді алаңдатып отырған негізгі мәселе. Өйткені, адам саудаға түскен жерде заң әлсіреп, мемлекеттер арасында алауыздық туындап арты шиеленіске дейін әкеліп соғуы мүмкін.
Бүгінде әлем бойынша адам саудасы заңсыз кәсіп жөнін бастапқы үштікті қорытындылап отыр. Қару-жарақ сатумен айналысу – бірінші орында болса, есірткі тасымалы – екінші орында. БҰҰ есебінше адам саудасымен айналысатындар жылына екі жүз миллиардқа жуық табыс табуда. Мұндай жаға ұстататын статистика 21 ғасырда атымен болмауы керек.
Еліміз де өзге елдер сияқты қылмыстың бұл аса ауыр түрімен барынша күресіп келеді. Соған қарамастан оларды саудалау, құқығын шектеу, келісімінсіз жұмысқа жегу сынды қылмыстар саны кемімей отыр. Мұндай жағдайда қолымыздан келетіні заңды күшейту.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына қарсы арнайы заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын.
«Адам құқығын қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұл мәселені шешу үшін арнайы заң қабылдау қажет».
Президент VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзі.
Тоқаевтың айтуынша, мұндай заң өз кезегінде адам саудасының құрбаны болған азаматтарды қорғау мен әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етеді. Оны даярлау үшін ұлттық мүдделерді назардан тыс қалдырмай, ең үздік әлемдік тәжірибелерді қолдану керек. Бұл іске отандық эксперттер мен заңгерлер және халықаралық ұйымдардың өкілдері де жұмылдырылуы шарт. Өйткені, қазіргі мәжбүрлі көшіп-қонудың дамыған уақытында бұл шараны уақыт оздырмай қолға алу маңызды.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Мәжіліс тиісті түзетулермен «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған заң жобасы бойынша депутат Снежанна Имашева баяндама жасады.
«Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұйымдық-құқықтық негіздерін анықтауды, оның ішінде адам саудасына қарсы күрес саласындағы уәкілетті органдарды құруды көздейді. Сонымен қатар бұл заң жобасы олардың құқықтары мен міндеттерін ескере отырып, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және жаңа ұғымдарды енгізу, заң нормалары қолданылатын тұлғалар шеңберін бекітуге, адам саудасына қарсы күрес субъектілері мен олардың құзыретін анықтауға сондай-ақ адам саудасының тәуекелін бағалауға мүмкіндік береді».
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасына «Неке және отбасы туралы» кодекске, Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға балаларды қабылдау фактілері туралы хабарлау міндетін енгізуге бағытталған «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заң енгізілді. Сондай-ақ адам саудасымен байланысты қылмыстардың құрбандарына да қатысты арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу құқығы қарастырылады.
Жоғарыда атап өтілген шаралар мен заң жобалары өз нәтежиесін беретіні сөзсіз. Мәселен, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың мәлімдеуінше, бас-аяғы үш күннің ішінде адам саудасына қатысты елуге жуық қылмыстың жолы кесілген.
«Оның ішінде 1 кәмелетке толмағанға, 2 адам саудасына, 3 дерегі жұмыс күшін ұйымдастыру, 6 жезөкшелікке қатысты және 40 қылмыс жезөкшелікке қатысты «притон» ұйымдастыруға қатысты болып отыр», - деді Таев.
Сондай-ақ жезөкшелікті ұйымдастыруға ат салысқаны үшін он беске жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
Бұл – бірлесе атқарған жұмыстың өз жемісін көп күттірмей беретініне тағы бір дәлел. Біздің міндетіміз дамыған мемлеккетте осындай аса ауыр қылмыстардың болуына жол бермей, ортақ күресте жұдырықтай жұмылып, әрі қарай жұмыстана беруді тоқтатпау. Өйткені, адам өмірі мен құқығы қашан да бәрінен биік.