$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстандағы халықты жұмыспен қамту ерекшеліктері

Нарықтағы жағдай тек жұмыспен қамтылғандардың абсолютті саны арқылы ғана емес, сонымен бірге жұмыссыздық деңгейімен де бағаланады.
Фото: Azattyq Ruhy
Фото: Azattyq Ruhy

Қазақстанда 2020 жылмен салыстырғанда еңбек нарығын біртіндеп қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Негізгі көрсеткіштерде оң динамика байқалады. Елдегі жұмыссыздық деңгейі қандай және қанша адам жұмыс таба алды, Skifnews.kz ақпараттық порталындағы шолудан оқыңыз.

Елімізде 2001 жылдан бастап халықты жұмыспен қамтуға қатысты іріктеп тексеру жүргізілуде. Зерттеу нәтижесіне сәйкес халық санына қорытындылар таратыла отырып, бақылаудың іріктемелі әдісі негізінде республиканың барлық өңірі қамтылады. ҚР ҰЭМ Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылғы I тоқсанда 15 және одан жоғары жастағы халықты жұмыспен қамту деңгейі 65%, жұмыс күшінің санына-95,2%-ды  құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% болса, жұмыссыздар саны 453,4 мың адамға жеткен. Жұмыс істемейтін және оқымайтын немесе кәсіптік даярлықпен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 7,9% құрады.

Жұмыспен қамту және жұмыссыздық саласы экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси өмірдің өте маңызды және жан-жақты саласы болып есептеледі. Қазақстанда бар жұмыспен қамту мен жұмыссыздықты тұрақты және ауқымды реттеу осы саладағы көптеген үрдістерді айқындайды, атап айтқанда, жұмыс күшінің ұтқырлығына, жұмыссыздық пен жұмыспен қамту көрсеткіштерінің ауқымы мен серпініне әсер етеді.

Жалпы, жұмыссыздық – бұл тек жұмыстың болмауы ғана емес, сонымен қатар, адамдарға күшті әсер ететін әлеуметтік апат. Сондықтан жұмыспен қамту және жұмыссыздық мәселесін зерделеу және оларды шешудің жолдарын табу аса маңызды әрі қазіргі кезеңдегі өте өзекті мәселе. Соңғы жылдары елімізде еңбек нарығының қалыптасуы Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі дамуы және оны ұзақмерзімді перспективаға бағдарлау, жұмыспен қамтудың өсуіне ықпал ететін бағдарламаларды қабылдау және іске асыру сияқты факторларға байланысты болды.

Нарықтағы жағдай тек жұмыспен қамтылғандардың абсолютті саны арқылы ғана емес, сонымен бірге жұмыссыздық деңгейімен де бағаланады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша 2023 жылғы I тоқсанда Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 9 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде жалдау бойынша 6,9 млн адам жұмыс істеді (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,4%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 2,1 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 23,6% экономика).

2022 жылғы I тоқсанмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамту 250,8 мың адамға, негізінен жалдамалы қызметкерлер есебінен (197,7 мың адам), өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны (53,1 мың адамға) өсті.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (17,2%), білім беру (12,9%), өнеркәсіп (12,6%) және ауыл шаруашылығы (11,5%) салаларында байқалды.

Елдегі жастар жұмыссыздығының негізгі себебі - кадрларды іріктеу кезінде айқындаушы критерий болып саналатын кәсіби тәжірибенің жетіспеушілігі екенін көрсетеді. Қазақстандағы соңғы жылдары қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты: шағын бизнес саласындағы кәсіпорындар саны өсуде; жұмыс орындары мен бос жұмыс орындарының саны артуда; білікті еңбекке сұраныс пен ұсыныс көбейіп келеді. 

Жұмыспен қамту санаттары бойынша халықтың қозғалысын талдау еңбек нарығында болып жатқан негізгі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік берді: 
1) Еңбек нарығы серпінді бола түсуде, бұрынғы жұмыс орнын сақтап қалған жұмыспен қамтылғандардың үлесі ұлғайды, ресми тіркелген жұмыссыздардың үлесі төмендеді. 
2) жұмыспен қамтылғандар санаты ішінде ұтқырлық артады. 
3) халықтың бір санаттан екінші санатқа ауысу ықтималдығының барлық дерлік өзгерістері жұмыссыздар үлесінің артуына ықпал етеді. 
4) жұмыссыздықтың өсуін тежейтін жалғыз фактор – жұмыссыздардың экономикалық белсенді емес халықтың құрамына көшуі (олардың саны 2012 жылы 3,54 млн. адамды құрайды), оның ішінде жұмыс іздеуді тоқтатқан және жұмыс іздеуді тоқтатқан студенттер, сондай-ақ үй шаруашылығымен айналысатын әйелдер.

Осылайша, халықты жұмыспен қамтуды арттыру және жұмыссыздықты төмендету Қазақстанның жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатының басым бағыты саналады, ол екі негізгі бағыт бойынша әзірленеді: жұмыспен қамтылмаған халықты жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға көмек көрсету. 

Соңғы кездері мемлекеттің ойластырылған тиімді саясатына байланысты ҚР-да жұмыспен қамту жүйесінде оң өзгерістер байқалады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары