$ 498.34  519.72  4.85

Президент Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңға қол қойды

Мақсат – бұрынғы полигон маңында тұратын халықтың радиациялық қауіпсіздігін күшейту.
Фото: Ortcom.kz
Фото: Ortcom.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

21 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы" заң мен оған ілеспе түзетулерді қабылдап, Сенатқа жолдады.

Заң жобасы радиациялық және экологиялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету, бұрынғы ядролық полигонның жерлерін пайдалану және оның аумағын оңалту мәселелерінде мемлекеттік бақылауды күшейту аумақты оңалту, елдің ғылыми әлеуетін дамыту, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде Қазақстанның ұстанымын нығайту мақсатында әзірленген.

Заң бойынша радиоактивті учаскелер анықталып, онда Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады. Сол жерлерді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс атқарылады.

"Мақсат – бұрынғы полигон маңында тұратын халықтың радиациялық қауіпсіздігін күшейту. Ал табиғаты ластанбаған, экологиялық ахуалы жақсы жерлер ел игілігіне қызмет етеді. Сөйтіп, жергілікті тұрғындар жайылым жерлерді пайдалана алады. Осылайша қырық жыл ядролық сынақтан зардап шеккен киелі өлке дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары