Маңғыстау облысының Street Workout және Streetlifting федерациясының президенті, Гиннес рекордтар кітабының екі мәрте рекордшысы, әлем чемпионатының 7 медалінің иегері Ильдар Ягьяев Ұлыбританияға жұмыс істеуге кетті, деп хабарлайды lada.kz.
Сонымен, 28 жастағы спортшы биыл көктемде жұмыс визасын алып, бірнеше айдан бері далада қырыққабат пен брокколи теріп жүр.
Біз төрт қабатты үйде тұрамыз, теңіз жағасында. Алаңға жету үшін жарты сағаттай уақыт кетеді. Жұмыс беруші берген көлікпен жетеміз. Жанармай ақысын жауып, көлік айдаған жігітке қосымша төленеді. Далада қырыққабат пен брокколиді қолыммен теретінмін. Жақында «қызметімді» жоғарылаттым, қазір тракторшымын. Мен Англияда көктемнен бері тұрамын. Алғашында салқын болды, бірақ қазір ауа-райы жақсарды. Ыстыққа үйреніп қалдым. Қазір жұмыс қызған уақыт, қыста жұмыс көлемі әлдеқайда аз, – дейді Ильдар Ягьяев.
Айтуынша, егістікте істейтіндердің жұмыс күні 8-9 сағатқа созылады екен. Ал өзі таңғы сағат 4-те трактор тізгініне отырып, түске қарай босайды. Бұл оған жаттықтырушы ретінде қосымша ақша табуға мүмкіндік береді екен.
Мен өтініш бергенімде олар жұмыс істейтін орындардың тізімін берді. Қырыққабат өсетін алқапты таңдадым, оны жинау құлпынайдан қиынырақ. Бірақ мен өзімді сынағым келді, спортшымын ғой. Жұмыста өңшең ер адамдар, біздің ұжымда бір ғана тараздық әйел бар, – дейді Ильдар Ягьяев.
Оның айтуынша, жұмысшыларға жалақы апта сайын жұмыс істеген сағатқа байланысты төленеді екен.
9 сағаттық жұмыс күнімен бір апта бойы маған шамамен 500 фунт стерлинг (283 мың теңге) төлейді. Айына шамамен 2 мың фунт шығады, бұл миллион теңгеден асады. Қазақстанда мұндай ақшаны әрең табатын едім. Егер тапсам, бірнеше жерде жұмыс істеп, күніне 2-3 сағат ұйықтайтын шығармын, – дейді Ильдар.
Мына жұмысында шығын да аз көрінеді. Ақша тек тамақ пен жеке шығындарға жұмсалады. Өмір сүруге аптасына 60 фунт кетеді. Жұмысшылар ай сайын жалпы табысының 20 пайызы көлемінде салық төлейді.
Ақтауда спортты дамытуға деген талпыныстарым бекерге кетті. Спорт бөлімі мені естімеді, барлық есікті қағып шықтым. Туымызды желбіреткен үлкен жарыстардан қаншама рет жеңіспен келдім, тіпті әуежайдан ешкім қарсы алмайды. Бұл – шенеуніктер спортшыларға қолдау көрсетуді қажет деп санамайды деген сөз. Жеке өзім үнемі кемсітушілік сезіндім. Менің достарыма, боксшыларға, балуандарға, футболшыларға көп көңіл бөлінді, ал қалғандарына мән бермейді, – деді спортшы.