Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында екі жыл бұрын құрылысы басталған емхана қаржы бөлінбегендіктен салынбай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддердегі емхана мен көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы қаржы бөлінбеуі салдарынан аяқталмаған. Екі ірі медициналық мекеменің құрылысы 2021 жылы басталған.
140 орындық көпсалалы аурухана кешені мен 500 келушіге арналған емхананың құрылысын жалғастыруға қаржы бөлінбей келеді. Бұл жобалардың жалпы құны – 25 млрд теңге. Былтыр үш миллиард теңге игерілді. Ал биыл әлі қаржы бөлінбеді, - дейді Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев.
Оның айтуынша, әкімдік осы жылы республикалық бюджеттен сегіз млрд теңге қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берген.