$ 494.87  520.65  4.91

Әділетті Қазақстан құру бағытына сай келеді – Мәжіліс депутаты жаңа заң туралы айтты

Оның айтуынша, қазір активтерді іздеу және қайтару барлық елдің өзекті мәселесі болып отыр.
коллаж: aikyn.kz
коллаж: aikyn.kz

Бүгін Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың пікірін ұсынамыз, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, қазір активтерді іздеу және қайтару барлық елдің өзекті мәселесі болып отыр.

2022 жылдың басында Мемлекет басшысы халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, еліміздегі байлықтың тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтқан болатын. Сондай-ақ әлемдік қаржы сарапшыларының жасаған бағалауына сүйенсек, дамушы елдер пара алу, қаражатты заңсыз иемдену сияқты жолдармен жыл сайын шамамен 30 млрд АҚШ долларына дейін жоғалтады екен, - дейді Е. Бейсенбаев.

Депутаттың айтуына қарағанда, қылмыстық жолмен тапқан табыстың қомақты бөлігі әлемдік қаржы орталықтарынан әртүрлі жолдармен «қауіпсіз, жайлы орын» тауып жатады.

Бұл қаражат заңсыз түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарына, бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына салынады, шетелдік банктердегі шоттарға орналастырылады, оффшорларда жатады. Ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару процесі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күрделі жұмыс. Бұл үрдіс Әділетті Қазақстан құру бағытына сай келеді, - деді ол.

Заңның басты мақсаты – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау.

Заңға жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады. Жеке тұлғалар қатарына негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдар қатарына жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар жатады. Сонымен қатар әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып активтерге заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасу кіреді, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары