Мемлекетіміз балалардың білім алуына, емделуіне, дұрыс өмір сүруіне және оларға қатысты кез келген мәселеге ерекше назар аударды. Соңғы екі айда балаларға қатысты оң шешімдер қабылданып, көптің көңілінен шықты. Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында балаларға қатысты орын алып жатқан оң өзгерістерге шолу жасап көрді.
Өткен жылдың толығымен балаларға арналуы бекер емес. Балалар жылы аясында оларға көп басымдық берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Ұлттық қордың бір бөлігін балаларға аударуды тапсырғаны да бәріміздің есімізде. Бүгінде жолдауда берілген уәде орындалып, іргетасы қалануда. Төртінші шілде күні Мемлекет басшысы Ұлттық қордағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балаларға аударуды міндеттейтін жарлыққа қол қойды. Қол қойылған күннен бастап аталмыш жарлық өз күшіне енді. Нәтижесінде келесі жылдан бастап балалардың шотына Ұлттық қордан қаржы түсе бастайды. Жобаны әзірлеушілердің сөзінше, қордан инвестициялық кірістің бір бөлігі шамамен жеті миллионға жуық баланың есепшотына аударылады. Егер бүлдіршін осы жылы дүниеге келген болса, онда ол төрт мың долларға жуық қаржы алады.
Жетім балалардың жайы да мемлекетті ешқашан бей-жай қалдырмайды. Түрлі себеппен ата-ана бауырында өсу бақытынан айырылған балаларға мейлінше көмек қолын созады. Мәселен, осы жылы әлеуметтік осал топтар үшін жүз миллиард қаржы бөлінсе, оның жиырма миллиарды жетім балаларға арналады. Атап айтатын болсақ, сол ақшаға асыраушысы жоқ балаларға арналып баспана сатып алу көзделіп отыр. Өйткені, олардың пәтер алуға бірінші кезектегі құқығы бар.
Осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалдамалы пәтерлерді сатып алуға республикалық бюджеттен 100 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Кемінде 20%-і жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Оған қоса, әр өңірде осы санаттағы балаларды қолдау бойынша бюджеттен тыс және демеушілік қаражат есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын қарастыратын өзінің кешенді жоспарлары бар, - деді премьер-министр елордадағы Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығына барған кезінде.
Сонымен қатар, жоғарыда айтылған осал топтағы азаматтарға білім алу үшін квота да қарастырылған. Бүгінде ол да мемлекеттік тапсырыстың бір бөлігіне еніп, міндеттелген.