$ 494.87  520.65  4.91

Асқар Забикулин туралы телехикая қыркүйекте жарыққа шығады

Өрт кезінде опат болған батыр бейнесін насихаттайтын сериалдың сюжеті шынайы оқиғаларға негізделген.
Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ

2022 жылы Астанада қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан ТЖМ қызметкері Асқар Забикулинг туралы сериал қыркүйек айында көрерменге жол тартады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Асқар Забикулинге арналған телехикая түсіріліп жатқаны жөнінде 21 шілдеде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Министр Дархан Қыдырәлі түсірілім алаңын аралап, сериал жасаушылармен және марқұм болған өрт сөндірушінің отбасымен кездескен.

Соңғы кездері елімізде сериал өндірісі, креативті индустрия дамып жатқаны белгілі. Бізде түсірілген сериалдарды шетелдік арналарға сатып алуда. Сондай фильмнің бірі – қарапайым да адал еңбек адамын суреттейтін "Қаhарман" атты телеөнім. Өрт кезінде опат болған батыр бейнесін насихаттайтын сериалдың сюжеті шынайы оқиғаларға негізделген. Ол халық қаһарманы Асқар Забикулин туралы. Бас кейіпкері – өткен жылы ғана қызыл жалынмен арпалысып, үш адамның өмірін құтқарған, өкінішке қарай, өзі ажал құшқан өрт сөндіруші Асқар Забикуллин, – деді министр.

Асқар Забикулин 2022 жылғы 16 қарашада Астанадағы "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде болған өртті сөндіруге қатысқан. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері өрттен бес адамды, оның ішінде бір баланы алып шықты. Өрт ішінде қалған адамдарға көмектесу үшін Асқар Забикулин комбинезонын шешіп, жанып жатқан пәтерге терезе арқылы кірген. Ол үш адамды – қарт әйелді, оның немересін және 10 жасар баланы аман алып қалды. Өрт сөндірушіні күйік шалып, 20 қарашада ауруханада көз жұмды. Астананың Есіл ауданындағы көшеге Асқар Забикулиннің есімі берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары