Елорда прокурорлары талдау барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, елордалық мемлекеттік мекемелер міндетті тендерді өткізбестен, таңдалған жеткізушілермен тікелей мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан. Тексеріс барысында осындай 23 факті анықталды.
Оған қоса мемлекеттік мекемелер әлеуетті қатысушылардың санын шектеп, жұмыстарды лоттарға бөлмей, олардың біртекті түрлері бойынша конкурстық құжаттаманың талаптарын заңсыз түрде күрделендіріп, нәтижесінде конкурсқа көрсетілетін қызметтердің нақты көлемін көрсетпей, сондай-ақ қаржы жылынан асатын мерзімге шарт жасасуға тырысқан.
Одан басқа, жауапсыз мердігерлерден айыппұл өндіріп алу жұмысы жүргізілмегені анықталды. Прокуратура органдары тарапынан қадағалау актілерінің арқасында мемлекет кірісіне 26 млн теңге өндірілді.
Енгізілген қадағалау актілерінің нәтижелері бойынша 3,9 млрд теңгеден астам сомаға заңсыз мемлекеттік сатып алу қорытындылары жойылды. Кінәлі лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылып, барлық мемлекеттік ұйымға мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ұсынымдар берілді, - делінген хабарламада.