Елімізде «Талибан» қозғалысын тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл мәселені халықаралық қоғамдастық, біздің серіктестеріміз, әріптестеріміз үйлестіреді. Әзірше қазіргі уақытта тиісті кеңестер өткізіп жатырмыз және уақ-уақ ақпаратты жаңартып отырамыз, - деді министр орынбасары елордада өткен брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, алдағы уақытта Астанада өтетін Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумына әлем елдерінің санкция тізіміне енбеген қонақтар келеді.
Сондықтан оларға қандай да бір шектеу шаралары қолданылмайды. Бұған қоса, форумға келушілердің басым бөлігі - іскерлік орта өкілдері, яғни қарапайым адамдар.
Сондай-ақ «Талибан» қозғалысы АҚШ, Ұлыбритания сынды батыстың ірі елдерінің террористік ұйымдарға қатысты ұлттық тізіміне кірмейді. Бұл аталған елдерге «Талибанмен» түрлі деңгейде байланыс жасауға мүмкіндік береді. «Талибан» қозғалысы өкілдерімен келіссөз жүргізіліп жатқан Доха алаңы бәріне белгілі. Сондықтан бұл мәселеге заң тұрғысынан келуіміз керек. Демек, біз қандай да бір халықаралық норманы бұзып отырған жоқпыз, - деді Қанат Тумыш.