$ 494.87  520.65  4.91

Қапыда қаза тапқан жігіттің енесі мен келіні пәтерге таласып қалды

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Анар Рахметова 27 жасар күйеуін көлікпен қағып өлтірген полиция қызметкерінің қатаң жазалануын талап етеді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қайғылы оқиғаға кінәлі Мамлют аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іздестіру бөлімшесінің бастығы Айдос Қаңтаев мас күйінде көлікпен Руслан Рахметовты қағып мерт қылды. Артынша марқұмның туыстарынан кешірім сұрап, үш бөлмелі пәтер мен 200 мың теңге ақша берген. «Алайда баспана да, ақша да маған емес, енеме бұйырды» деген жесір әйел қазір бұрынғы капитанды түрмеге отырғызуды сұрайды.

Қайтыс болған жігіттің артынан алты жасар қызы мен бірге енді толған ұлы қалған.

Айдос Қаңтаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, сот оны тек үш жылға көлік айдау құқынан айырумен ғана шектелді. Мұндай жеңіл жазаға жәбірленуші жақтың кешірімі себеп болыпты. Алайда баспана да, ақша да марқұмның жесіріне емес, оның енесіне бұйырған.

— Баласының қайтқаны жақсы болып тұр. Қайта оған пәтер берді, өзі жағдайын дұрыстады. Баласын үйлендіріп, той жасайын деп жатыр. Күйеуімнің жылы өтпей жатып той жасағалы жатыр. Масқара, — дейді марқұмның жесірі Анар Рахметова.

Қазір Анар екі баласымен Петропавл қаласында бір бөлмелі пәтерді жалға алып тұрып жатыр. Жесір келіншектің бар табысы балаларына алатын 20 мың теңге жәрдемақы ғана. Қалған шығынын туыстары көтеріп отыр. «Маған түк тимеді» деген келіншек тәртіп сақшысынан тағы ақша алмақшы.

— Қаңтаевты сотқа бердім. Көреміз, отырғызса отырғызсын. Ал егер маған көмек бере алса, мен одан бас тартпаймын, — дейді ол.

Анардың енесінің де өз уәжі бар. Айтуынша, баласы мен келіні жиі араздасып тұрған екен. Сол жолы да ұлымның үйден кетіп, көліктің астына түсуіне кезекті ұрыс-керіс себеп болды дейді.

— Мен оған пәтерге келіп тұра бер дедім. Немерелерімнің көз алдымда өскенін қаладым. Ал ол баспананы сатып, қалаға кетпек болды. Сосын мен де жыным ұстап, оны пәтерге кіргізбей қойдым. Қазір ол үйде кіші ұлым тұрып жатыр, — дейді марұқмның анасы Алла Қалдаманова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары