$ 494.87  520.65  4.91

Шошқа фермасындағы жұмысшылар өлімі: полиция алдын ала себебін айтты

Төрт жұмысшы газдан улануы мүмкін.
Фото: qaz.ulysmedia.kz
Фото: qaz.ulysmedia.kz

Солтүстік Қазақстан облысындағы шошқа кешенінде мерт болған төрт жұмысшы газдан улануы мүмкін. Сараптамалар тағайындалды, деп хабарлайды облыстық полицияның баспасөз қызметі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 тамыз күнгі сағат 23:25-те СҚО Тайынша ауданының полиция бөліміне Новоивановка ауылында орналасқан шошқа өсіру кешеніндегі жұмыс орнынан ауысым аяқталған соң төрт жұмысшы шықпағандығы туралы хабар түскен.

Іздестіру шаралары барысында олардың денелері осы кешендегі кәріз құдығының түбінен табылды. Алдын ала анықталғандай, 1966, 1991, 1995 және 2000 жылдары туған жұмысшылар кәріз құдығын тазалау кезінде иістен уланған. Олардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді, - делінген полиция хабарламасында.

Аталған факті «Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды.

Істің барлық мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.

Бұған дейін оқиға орнына СҚО әкімі Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Тайынша ауданының прокуроры Ғалымжан Әубәкіров пен Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов барып, жағдайды бақылауға алғанын айтқан едік. Өңір басшысы қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына барып, көңіл айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары