Елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасы 2029 жылға дейін ұзартылды. Аталмыш бағдарлама 2025 жылға дейін орындалуы керек еді. Бұл бағдарлама қазақстандықтардың, оның ішінде ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы "Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты және мақсатты болуы керек. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштері белгіленуі керек. Жұмысқа мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтау қажет", - деген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде іске асырылатын бағдарлама 5 бағытты қамтиды.
Бес бағыт: өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру, "ауыл аманаты" жобасын іске асыру шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру, кірістер деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шаралар және мемлекеттік қолдау шаралары, бюджет қаражаты есебінен жалақыны арттыру жөніндегі міндеттемелер, халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау.
Деректерге сүйенсек, Жоғары оқу орындарының түлектерінің шамамен 35 пайызы өзінің бітірген мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал 40 пайызы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жұмысқа орналаса алмайды. Жастар арасында жұмыссыздықты жоюды көздейтін бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай 3,3 млн-нан астам адамды, оның ішінде 2,3 млн жастарды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Қазір елімізде 210-ға жуық халықты жұмыспен қамту орталықтары бар. ХЖҚО аудандарда, облыстық және Республикалық маңызы бар қалаларда тұратын адамдарды қабылдайды. Жастарды жұмысқа орналастыру үшін "Күміс жас", "Алғашқы жұмыс орны", "Жастар практикасы", "Дипломмен ауылға"секілді бағдарламалар жүзеге асуда. Яғни бұл бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтудың тетігін іске асыруды қамтиды.