Ақтөбе облысы Қобда ауданы Өтек ауылында екі бала белгісіз заттан уланып қалды. Қазір тексеру жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 18 тамыз күні тіркелген. Сағат 23:00 шамасында Қобда ауданының орталық ауруханасына «белгісіз заттан улану» диагнозымен 3 және 5 жастағы екі бала жеткізілді. Жанында фельдшер мен анасы, әжесі болған.
Бес жастағы ұлдың жағдайы ауыр. Сандырақтап жатты. Сонымен бірге үш жастағы қыздың да жағдайы ауыр, әлсіз күйінде жеткізілді. Олардың дене қызуы жоғары болды. Туыстарының айтуынша, қызуы көтеріліп, сандырақтап, әлсірей берген. Жан-жақты сұрақ-жауап кезінде садақа болып, балалардың ауылда ойнап жүргені анықталды. Олар сағат шамамен 18:00 үйге келген. Ауырған соң фельдшер шақырды. Өздері парацетамол беріп, қызуын түсірмек болды. Алғашқы кезде неден уланғаны белгісіз еді. Кейін ауылда итжидек өсетіні анықталды, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Айта кетейік, балаларды реаниматологтар қарап шықты. Түрлі сынама алынды. Медициналық авиацияға хабар беріліп, дәрігерлер кеңес өткізді.
Қазіргі кезде балалардың дене қызуы сәл төмен түсті. Бүгін таңғы сағат 03:00 шамасында елітіп, қайта сандырақтай бастаған. Бір сағаттан соң медавиация, оның ішінде реаниматолог барды. Екеуі де Ана мен бала орталығына жеткізілді. Реаниматологтар республикалық әріптестерімен ақылдасты. Қазір балалардың жағдайы ауыр. Қайта-қайта сандырақтап кетеді. Удың бетін қайтаратын ем алып жатыр, - деді Рүстем Исаев.