Алматыда жалға берілетін тұрғын үйдің құны 30 пайызға қымбаттауы мүмкін. Мұндай болжам Almaty.tv эфирінде айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жылжымайтын мүлікті жалға беру жөніндегі сарапшы Нұрасыл Нұрғалиевтің айтуынша, бағаның өсуі оқу маусымының жақындауымен және соған орай қала сыртынан келетін студенттер ағынының көбеюіне байланысты болады.
Қазіргі уақытта жалдау ақысы орташа есеппен 250-ден 300 мың теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл Абай - Байтұрсынов және Көктем ауданындағы баға. Дегенмен Наурызбай, Алатау, сондай-ақ Жетісу аудандарында жалға алу құны арзанырақ. Бізде оқу жылы жақындаған сайын тұрғын үй бағасы әрдайым шамамен 30-40 пайызға көтеріледі. Бұл – бизнес. Тұрғындар басқа қалалардан келеді. Сол үшін әрине сұраныс өте жоғары. Сол себепті де үй иелері бағаны көтеріп жібереді, - деді маман.